Ақтөбелік шенді қызметтік өкілеттігін пайдаланып, кезекте тұрмағандарға пәтер алып берген

Ақтөбеде мемлекеттік тұрғын үйді заңсыз беру схемасы әшкереленіп, тұрғын үй бөлімінің бұрынғы басшысы 6 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе облысының прокуратурасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлерді заңсыз беру дерегін анықтады.
Тексеру барысында Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, кезекте тұрмаған адамдарға пәтер алып беруді ұйымдастырғаны белгілі болды.
Ол арнайы тізімге заңсыз түрде 15 адамды енгізген. Алдымен бұл азаматтарға тұруға жарамсыз үйлер беріліп, кейін олар жайлы пәтерлерге ауыстырылған. Мұның бәрі тұрғын үй комиссиясының заңсыз шешімдері арқылы жүзеге асқан.
Кейін берілген пәтерлер жекешелендіріліп, сатылған. Бұл әрекеттердің пайда табу мақсатында жасалғанын көрсетеді. 2026 жылғы 29 сәуірде Ақтөбе қаласының №2 соты аталған тұлғаны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Қазір өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр.
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Астанада бір топ азамат “Qyran” тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді екі рет сатып, тұрғындарды алдағаны хабарланған еді. Күдіктілер өздерін құрылыс компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырып, жалған құжаттар арқылы баспана ұсынған. Олар пәтерлерді нарықтан төмен бағамен ұсынып, алдын ала келісімшарттар жасасу арқылы азаматтардан 8 миллиард теңгеден астам қаражат алған.