Қазақстандық демалыс күні банктің хабарласып, мазасын алғанына ашуланды: Борышкер өз құқығын қалай қорғай алады
Әлеуметтік желіде Deve.lopment007 есімді аккаунты бар қазақстандық қыз демалыс күні банк несиені өтеу туралы ескертумен таңнан түскі уақытқа дейін тоқтаусыз хабарласып, мазасын алғанын айтты. Борышкердің айтуынша, несие төлеуіне әлі бір күн бар, сонда да банк оған 20 рет хабарласқан. Stan.kz тілшісі мұндай жағдайға тап болған қазақстандықтар өз құқығын қалай қорғауға болатынын және банк қызметкерлерінің өзі бұл туралы не айтатынын сұрап білді.
Фото: istockphoto.com
Борышкер несие төлейтін уақытты кешіктірмейтінін және бұлай клиенттің мазасын алу қалыпты ма деп наразылық білдірді.
"Төлемдерді әрдайым уақытылы жасаймын. Ал ай сайынғы төлем жасайтын күн – ертең. Неге жексенбі күні таңертең қоңырау шала бересіздер? Сіздердің естеріңіз дұрыс па? Ертеңгі айлық төлем үшін жексенбі күні таңертең мазалау – бұл қалыпты ма?" – деп ашуланды борышкер.
Желі қолданушылардың бірі қызды қолдаса, енді бірі несиені уақытында төлеу керек екенін айтып, пікір білдірді.
"Банк клиент мерзімінен кешіктірмесе де, демалыс күндері осылай мазалай береді. Егер төлем күні сенбі немесе жексенбіге түссе, келісімшарт бойынша ол автоматты түрде бірінші жұмыс күніне ауысса да, бұл "данышпандар" бәрібір қоңырау шалудың амалын табады. Адамдар негізсіз ашуланбайды. Соңында қыз ертең төлем жасайтынын айтып отыр. Оған заң бойынша 20:00-ге дейін уақыт бар. Бірақ, көріп тұрғанымыздай, олар бұған мән бермейді".
"Бұрынғы оператор ретінде айтайын. Банктер сіз үш қоңырауға жауап беріп, бүгін немесе ертең төлейтініңізді айтпайынша, қоңырау шалуды тоқтатпайды. Есіңізде болсын, сізге әрдайым оператор емес, жүйе арқылы роботтар қоңырау шалады".
"Егер борышкердің несие тарихында мерзімінен кешіктіру болса, банк қоңырау шалып, клиенттермен байланысады. Ешкім адамды несие алуға мәжбүрлемейді, сондықтан уақытылы төлеу керек. Несие алар алдында әр адам барлық тәуекелді есептеп, шешім қабылдауы қажет. Сондықтан банк қарыз алушыдан берешекті қайтаруды талап етуге толық құқылы. Әдетте, банк алдымен SMS хабарлама жібереді".
Фото: Deve.lopment007 парақшасынан
Кейін KaspiГид Deve.lopment007 аккаунтына жауап беріп, қолайсыздық тудырғаны үшін кешірім сұрады.
"Қоңыраулар қолайсыздық тудырғаны үшін кешірім сұраймыз. Банктерге қарызды өтеу қажет екені туралы еске салу міндеті жүктелген. Өйткені борышкер төлемдерді уақытында жасамаса, оған өсімпұл мен пайыздар есептеледі. Клиент қоңырауды қабылдамай, қайта-қайта басып тастаса, бірнеше рет қоңырау шалынуы мүмкін", – деп банк қызметкері Ерсұлтан жауап берді.
Сонымен қатар қызметкер осы жағдай бойынша тексеріс жүргізуге байланысқа шыға алатынын жазды.
Банктер не себепті қайта-қайта хабарласады?
Тағы бір белгілі банктің "Борыштарды өндіріп алу бөлімінің" қызметкері Әлия Ибадуллаева (аты өзгертілген) банктер қандай кезде клиентке хабарласатынын түсіндірді.
"Кейде клиенттер жағынан реніштер болып жататынын естиміз. Бір күнде бірнеше қоңырау түсуіне байланысты түсіндіріп өткім келеді. Біріншіден, әр банктің талабы әр түрлі болады. Кейбір клиент несиені төлеу кестесін қарап жүрсе, енді бірі төлем жасайтын уақытты ұмытып кетеді. Сол себепті банк клиент артық төлем жасамас үшін және несие тарихын жақсы сақтап қалу үшін алдын ала ол кісіге ескертуге міндетті. Мұндай жағдайда банк хабарлама жібереді немесе хабарласып ескертеді. Дегенмен бұны кейбір клиенттер дұрыс қабылдамайды. Ал егер банк клиентке демалыс күні хабарласқанда, телефон тұтқасын бірден көтерген жөн деп санаймын. Себебі клиенттің төлем жасайтын кестесі өзгермейді. Сондықтан банк борышкердің төлем уақыты сенбі немесе жексенбі күніне түссе де, хабарласа береді", – деді Әлия Ибадуллаева.
Әлия Ибадуллаеваның айтуынша, егер клиент бірінші хабарласқан кезде жауап берген жағдайда банк екінші рет хабарласпайды.
"Егер қоңырауға басқа туысы немесе үшінші тұлға жауап берсе, қоңырау қайта түсуі мүмкін. Өйткені қоңыраулар клиентке автоматты түрде шалынады. Мұнда банк операторы осы немесе келесі борышкерге хабарласамын деп отырмайды. Егер телефон тұтқасы мүлдем көтерілмеген жағдайда борышкерге қайтадан қоңырау түсе береді. Көбіне клиент несиені 3 күн немесе 5 күн кешіктіріп төлеген кезде де бізге көмекке жүгінеді. Олар өз шағымында "сол күні жол жүріп кетіп едім", "телефонымның қуаты бітіп қалған еді" немесе "жұмыста едім", "неге алдын ала хабарласпадыңыздар" дейді. Кейін клиент "сіздер хабарласқанда, кешіктірмей төлеуші едім" деп айтады. Сол себепті алдында хабарландыру жіберіп, хабарласып ескерткен дұрып деп ойлаймын", – деді "Борыштарды өндіріп алу бөлімінің" қызметкері.
Коллекторлар мен банктен хабарласып мазаны алса не істеу керек?
Заңгер Қайырхан Балғабеков банктер коллекторлық агенттіктердің қызметтерін пайдалану құқығына ие екенін айтады. Оның айтуынша, бұл, әдетте, қарыздың ұзақ уақыт бойы төленбеген кезде жүзеге асырылады.
Дегенмен заңгер коллектор мен банк қызметкерінің қоңыруынан қорықпау керек екенін айтады. Оның сөзінше, коллекторлар демалыс күндері қоңырау шалуға құқығы жоқ, ал жұмыс күндері күніне үш рет қана хабарласуына рұқсат етіледі. Заң бұзылған жағдайда алдымен айыппұл салынады. Қайталанса, қызметі толық тоқтатылады. Демалыс күні қоңырау шалған жағдайда, агенттіктің колл орталығына шағымдануға болады.
Сонымен қатар заңгер микроқаржы ұйымдарының клиенттерімен өзара әрекеттесудің тәртібі бар екенін еске салды.
"Қаулыда микроқаржы ұйымдарының қарыз алушымен өзара әрекеттесуі келесідей көрсетілген:
- жұмыс күндері сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін қарыз алушының тұрғылықты жерінде немесе ұйымның ғимаратында аптасына үш реттен артық емес және жұмыс күні бір реттен артық емес кездесуге болады;
- демалыс және мереке күндері телефон арқылы қоңырау шалу сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін екі реттен артық емес жүзеге асырылады", – деді заңгер Қайырхан Балғабеков.
Заңгердің сөзінше, қосымша ақпаратта микрокредиттік ұйымдарға демалыс және мереке күндері қарыз алушыларға қоңырау шалуға рұқсат берілуінің себебі түсіндіріледі.
"Коллекторлық агенттік адамдары қайта-қайта хабарласып мазаны алса, Ұлттық банкке шағымданыңыз. Нөмірді көрсетіп, не дегенін қысқаша баяндап, мазаңызды алатынын жазып шағымданыңыз. Коллектормыз деп хабарласқан адамның аты-жөні мен қай мекемеден хабарласып отырғанын айтпаса, мүлдем сөйлеспеңіз. Коллектор болсын, не өзге мекеме қызметкері болсын, тіпті банктен болсын өздерін толық таныстыруға міндетті.
Мыналарды сұрап, жазып алыңыз:
- Аты-жөнін,
- Мекеменің атауын,
- Мекеменің Бизнес сәйкестендіру нөмірін.
- Мекеменің ресми телефондары мен электронды поштасын, сайтының адресін сұрап алыңыз.
Таныстырудан жалтарған адамдармен сөйлесуге міндетті емессіз. Олар тіпті сізге жалған мәлімет те беруі мүмкін. Сондықтан көрсетілген мәліметтерді жазып алған соң сөйлесіп, не айтатынын біліп алаңыз. Бірақ ауызша айтылған нәрсені орындауға асықпаңыз", – деді заңгер.
Заңгердің айтуынша, егер коллектор агенттігі заңда белгіленген шектен шығып, борышкерді үнемі мазаласа, бұл әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қаралуы мүмкін.
"Егер коллекторлар Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 211-бабы, 1-тармағына сәйкес "Коллекторлық қызмет туралы" заңын бұзса, бірақ олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, олар келесі мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін:
- 100-300 айлық есептік көрсеткіш (393 200 теңге-1 179 600 теңге) заңсыз әрекеттер үшін айыппұл төлейді (мысалы, борышкермен заңда көрсетілмеген тәсілдермен байланысу, мүлік арқылы қарызды төлеуді талап ету және т.б.).
Егер коллекторлардың әрекеті әкімшілік құқық бұзушылықтан асып, қылмыстық сипат алса, онда олар келесі баптар бойынша жауапқа тартылуы мүмкін:
- Қылмыстық кодекстің 147-бабы (Жеке өмірге қол сұғу) – егер коллекторлар борышкердің жеке деректерін заңсыз пайдаланса немесе таратса (айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу).
- 194-бапқа сәйкес, (Бопсалау) егер коллекторлар қоқан-лоқы көрсетсе, күш қолдану арқылы ақша талап етсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
- 389-бапта (Өзінше билік ету) көрсетілгендей, егер олар қарызды заңсыз өндіріп алуға тырысса, айыппұл төлеуге немесе түзеу жұмыстарын істеуге міндеттеледі.
- 131-бабы (Қорлау) – егер олар борышкерді балағаттап, ар-намысына тисе (айыппұл немесе қоғамдық жұмыстар).
Заңгер, өкінішке қарай, бұл ережелерді бұзғаны үшін банктерге тікелей заңмен белгіленген жауапкершілік жоқ екенін атап өтті.
“Қазіргі заңнамада банктерге осындай шектеулерді бұзғаны үшін нақты айыппұл немесе басқа санкциялар қарастырылмаған. Бірақ құқық қорғау органдары немесе қаржы нарығын реттейтін агенттік борышкерлердің құқықтарын қорғау үшін басқа әкімшілік немесе тұтынушылар құқығын қорғау нормаларын қолдана алады”, – деп түсіндірді заңгер Қайырхан Балғабеков.