Павлодар облысында үш жасар бала терезеден құлап, ауыр жарақаттан көз жұмды

Павлодар облысының Ақсу қаласында үшінші қабаттың терезесінен құлаған үш жасар бүлдіршін қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, бала операция кезінде көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Павлодар облысының Ақсу қаласында терезеден құлаған үш жасар баланы дәрігерлер аман алып қала алмады. Қайғылы оқиға кеше күндіз болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бала анасымен бірге үйде болған. Әйел асүйге аз уақытқа шығып кеткен сәтте бүлдіршін терезе алдына шығып, маса торына сүйенген. Тор баланың салмағын көтере алмай, ол үшінші қабаттан құлап кеткен.
Ауыр жарақат алған бала алдымен Ақсу қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізіліп, кейін шұғыл түрде Павлодар облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған.
Дәрігерлер оған ауыр бас-ми жарақаты диагнозын қойған.
Мамандар баланың өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, ол операция үстелінде көз жұмды.
Павлодар облыстық полиция департаменті тергеу жұмыстары басталғанын айтады.
"Кәмелетке толмаған жәбірленушінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тексеру шаралары жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады", – деп хабарлады.
Еске салайық, Астанада полиция қызметкері оныншы қабаттың балконынан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды. Арнайы жедел әрекет ету бөлімшесінің қызметкері Салават Мұхамбетов оқиға орнына дереу жетіп, ер адамды балкон шетінен тартып алып, ажалдан арашалап қалған еді.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз