Ақтауда бала коррекциялық орталықтың терезесінен құлап көз жұмды

Ақтауда сегіз жастағы бала коррекциялық орталықтың терезесінен құлап кетті. Баланың туыстары қайғылы оқиға болған коррекциялық орталықтағы педагогтарды жазалауды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен бұл ғимараттағы мәселелер туралы бірнеше рет айтқанмын. Ол жерде көптеген бұзушылықтар болды, терезелерде қорғаныш торлары жоқ еді. Жалпы, дамуында ерекшелігі бар балалар неге үшінші қабатта болған деген сұрақ бар. Кінәлілер анықталып, жазасын алуын деп талап етемін", – дейді баланың атасы Мақсат Дәулетов.
Қайғылы оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан бір баланың терезені ашып, сыртқа шардың ұшып кеткенін көруге болады. Нұрәли оны алмақ болып ұмтылып, терезеден құлап кетеді. Сол сәтте қатарлас бала терезенің жақтауын жауып қояды, ал Нұрәли бірнеше секунд төменде ілініп тұрады. Терезе қайта ашылған кезде бала құлап түскен.
Бөлмеде ерекше қажеттілігі бар балалармен бірге ересектер болмаған. Ауыр жарақат алған баланы ауруханаға жеткізген. Бірақ екі айдан кейін ол көз жұмды.
Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға қауіпсіздік техникасының өрескел бұзылуы себеп болған. Оқиғадан кейін орталық жабылды.
"Бұл жағдайда балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Терезелерде қорғаныш торлары болмаған. Сонымен қатар балалар ересектердің қарауынсыз қалған. Бұған қоса, бұл ғимараттағы бөлмелер коррекциялық орталыққа қажетті құжаттарсыз берілгені анықталды", – дейді Маңғыстау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Тілектес Болатбаева.
"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты
Оқыңыз