Қарағандылық әйел бетоннан хоббиттер үйін тұрғызып, көпшілікті сүйсіндірді

Қарағандыда ерекше ертегі әлемін жасап жүрген Наталья Евдошенконың үйі тұрғындардың қызығушылығын тудырды. Хоббиттің баспанасына ұқсайтын үйдің ауласында алып жиһаздар мен қиял-ғажайып кейіптегі тұрмыстық бұйымдар орналасқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындар бұл үйдің қасына келіп, суретке түсу үшін нағыз зиярат ұйымдастырған. Ал Герем Бухтаева осы танымал үйдің иесімен тілдесіп қайтты. Тұрғындардың бәрі Наталья Евдошенконы жақсы таниды. Жергілікті жұрт оны ертегі әлемінде өмір сүретін адам деп айтады. Сондай-ақ ол таңғы сағат 4:00-де әрлеу жұмыстарын бастап, кешке дейін ауласынан шықпай еңбек етеді екен.
"Кеппеген бетонды алып тастап, қайта жасап шығуға болады. Ал қатып қалғаннан кейін оған көнуге тура келеді. Егер қатты өзгерткің келсе, онда перфораторды аласың да жасайсың", – деді Наталья Евдошенко.
Наталья өз туындыларын алдымен қағазға эскиз етіп түсіруден бастайды. Кейін ұлы металл қаңқасын орнатуға көмектеседі. Содан соң ғана цемент қолданылады. Ал арнайы технологиямен бояу – жұмыстың ең маңызды кезеңдерінің бірі.
Оған шабыт беретін дүниелер әйгілі "Сақиналар әміршісі" фильмі мен орыс халық ертегілері. Сырт көзге мультфильм кейіпкерлерінің заттарына ұқсайтын тұрмыстық бұйымдардың барлығы шаруашылықта нақты қолданылады: барбекю пеші, сорғыш, үстелдер мен орындықтар.
“Бетонның көмегімен өзіңе ұнайтын дүниені, өз ертегіңді жасай аласың. Бұл үшін өмірімді түбегейлі өзгертуге тура келді. Таңнан кешке дейін баратын жұмысымды тастадым. Енді толыққанды өз саябағымды жасағым келеді. Ал үйімді тауықтың аяғындағы лашыққа айналдырғым келеді, – деді Наталья Евдошенко.
Наталья көп жыл бойы әуе агенттігінде жұмыс істеген. Бір күні демалыс кезінде ауласын безендіру үшін шағын мүсін жасап көрмек болыпты. Сол сәттен бастап бұл іске деген қызығушылығы тоқтамаған. Оның айтуынша, интернетте пайдалы ақпарат өте көп. Қарағандылық шебер бұл хоббидің арзан емес екенін де жасырмайды. Өзінің ертегі әлемін жасауға қажетті қаржыны ол басқа адамдардың аулаларын безендіру бойынша тапсырыстар орындау арқылы табады.
Қарағандыда өз аулаларын нағыз өнер туындысына айналдырып жүрген шеберлер аз емес. Олар гүлдерді, ескі автокөлік дөңгелектерін, плиткаларды және басқа да түрлі материалдарды пайдаланады.
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ерік Әметов шығармашыл тұрғындарға арналған арнайы байқау да ұйымдастырылатынын атап өтті. Жүлде ретінде жеңімпаздардың аулаларын абаттандыруға көмек көрсетіледі.
"Қазір әлеуметтік желілерде өз аулаларын әдемі ұстап отырған тұрғындар туралы жарияланып жатады. Өткен жылы біз оларға жасыл желектерді қырқып-баптауға көмек көрсеттік. Бұл ауланы жақсы білеміз. Биыл күзде жаңа байқау өткізген кезде қатысуға мүмкіндік бар. Байқау комиссиясының мүшелері кімнің жеңімпаз болатынын шешеді, – деді Ерік Әметов.
Ал Наталья әзірге мұндай бағалы сыйлық үшін күресуге уақыты жете ме, жоқ па оны нақты айта алмайды. Оның сөзінше, Қарағандыда жаз мезгілі қысқа, ал жылдың қалған уақытында цемент өте баяу кебеді.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар тұрғыны Надежда Мессердің жаңа жыл қарсаңында ерекше безендірілген үйі көпшіліктің назарын аударған еді. Ол бес жылдан бері үйі мен ауласын мерекелік шамдармен, түрлі әшекейлермен безендіріп келеді. Ал биыл шатырына Аяз атаның мүсінін орнатып, қақпасына шырша бейнесін жасап, қала тұрғындарын тағы да таңғалдырған.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз