Қазақстандағы кейбір колледж түлектері ҰБТ тапсырмай-ақ университетке түсе алады

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасына қандай өзгерістер ұсынылып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат әуелі колледж студенттеріне арналған жағымды жаңалығын айтты. Аймағамбетовтың сөзінше, енді кейбір колледж түлектері ҰБТ тапсырмай-ақ университетке түсе алады. Бұл жаңалық нақтырақ айтқанда, WorldSkills байқауының жеңімпаздарына қатысты.
“Бірнеше жыл бұрын халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздарына конкурссыз әрі ҰБТ-сыз грантқа түсуге мүмкіндік беретін норма қабылдадық. Бұл үлкен мотивация болды. Енді осы заң жобасы аясында дәл осындай мүмкіндікті кәсіби шеберлік бойынша халықаралық байқаулардың, соның ішінде WorldSkills жеңімпаздарына да беруді ұсынып отырмыз. Колледж түлегі өз мамандығы бойынша әлемдік деңгейде үздік атанса, ол да пәндік олимпиада жеңімпазы секілді құрметке лайық. Сондықтан талантты колледж түлектеріне ҰБТ-сыз грантқа түсіп, университетке түсу құқығын беруді ұсынамыз”, – деді Аймағамбетов.
Айта кетейік, аталған түзетулер пакеті қазір мәжілісте бірінші оқылымда қаралып жатыр.
Аймағамбетов педагогтарды өз міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартпау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл норма 2020 жылдан бері қолданыста. Алайда бұл талап негізінен мектеп мұғалімдеріне қатысты болған. Ал балабақша тәрбиешілері мен колледж оқытушылары бұл қорғаудан тыс қалып келген.
“Заң тұрғысынан олар бұл норманың аясында қорғалмады. Енді біз уәде еткендей, бұл мәселені заң жүзінде реттеп жатырмыз. Аталған норма мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы барлық педагогқа ортақ болады”, – деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін министр талапкерлерге арналған жаңа балама тест туралы айтқан еді.
Оқыңыз