Алматылықтар таудағы кененің көптігін айтып шағымданды

Алматының тау бөктері мен орманды аймақтарында кенелер қаптады. Мамандар қала тұрғындары мен қонақтарына кене энцефалиті мен боррелиоз жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан, тауға шықпауға кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мамандар әсіресе, танымал туристік орындарда қауіптің жоғары екенін ескертті. Дәрігерлер табиғатқа шыққан жағдайда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, жабық киім киіп, репелленттер қолданып, денені үнемі тексеріп отыруға кеңес береді.
Алайда бұл ескерту әлеуметтік желіде қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Желі қолданушылары “кенелерді жою үшін не себепті ауқымды дезинфекциялық жұмыстар жүргізілмейді?” деп сұрады.
“Уламадыңдар ма? Қаражат талан-тараж болып кетті ме?”, “Кене мен қарақұрт ығырды шығарды. Дұрыстап дезинфекциялық жұмыстар жүргізуге болмайды ма?”, “Еш жер өңделмеген. Грэсте кене қаптап жүр”, “Иә, оларды жоюдан көрі ескерту арзан ғой”, – деп жазды желідегілер.
Алматылықтар далаға шығудан қалдық дейді. Енді біреулер өткір иісті әтірді киімге сеуіп шығуға кеңес берді. Айтуынша, бұл да жақсы қорғаныс тәсілі.
Қазір жағдай дәрігерлердің бақылауында, олар ахуал тұрақталғанға дейін сақ болуға шақырады.