Алматыда тұңғыш рет ішкі ағзасын өзгеге сыйлаған донорлар марапатталды
Алматыда тұңғыш рет ішкі ағзасын өзгеге сыйлаған донорлар марапатталды. Кеудесіне медаль тағып, көптің қошетеміне бөленген 40 шақты адам жақынына бауырын беріп, жаңа өмір сыйлапты. Алайда 3000-ға жуық адам бүйрек, 500-дей науқас бауыр донорын күтіп күн санап жатыр. Ал олардың 30 пайызы донор табылғанша үзіліп кетеді екен. Еліміздегі донор табу қиындықтарын Жарас Ниязбек білуге тырысты.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Бір жасар Раянға алты ай бұрын бауыр транспланттау отасы жасалмағанда тәй-тәй басып, жақындарына қуаныш сыйлауы екіталай еді. Ал анасына бауырының жартысын берген Маржан Нұржабаева нағыз қуаныш сыйлаушы. 2007 жылдан бері ауырған анасына 2 жыл бұрын ойланбастан донор болған екен.
“Бауырымның бір бөлігі анамда жүр. Бұл бір адамды қайта өмірге әкелу деп ойлаймын өзім. Үлкен отадан кейін жақсы жүргенімізге қуаныштымын қазір”, – дейді донор Маржан Нұржабаева.
“2015 жылы 13 сәуірде ауыстырды 7 больницада. Отамыз өтті, ровно екі жыл болды. Жақсымын, жаман емеспін, құдайға шүкір”, – дейді реципиент Гүлбану Өмірзақова.
Соңғы 6 жылда елімізде 200-дей бауыр транспланттау отасы жасалған. Бауыр адам ағзасындағы ең маңызды мүше болса, оны алмастыру отасы ең күрделі де қауіпті ота саналады. Бауыр алмастырудағы басты қиындық донор тапшылығы дегенді дәрігерлер жиі айтады. Ағзасын науқас адамға сыйлау, сол арқылы өзгенің өмірін ұзарту игілікті іс екенін отандастарымыз әлі де сезінбей жатыр дейді мамандар.
“Қолдау бар, өкімет тарапынан ақша бөлінуде, қаражат, дәрі-дәрмек мәселесі бәрі шешілген. Мамандар шетелдердің ең жақсы клиникаларынан оқып жастар келіп жатыр. Өзіміздің де тәжірибеміз жеткілікті, әрқайсысымыз 300-ге жуық трансплантация жасадық. Негізгі проблема – донор жетіспеушілік”, – дейді Сызғанов атындағы ҰҒХО басқарма басшысы Болат Баймаханов.
Қайтыс болған бір адам кем дегенде 5-6 науқасқа өмір сыйлай алады дейді дәрігерлер. Алайда марқұмның туыстары оған қарсы. Сондықтан мәйіттік донор мәселесі дұрыс жолға қойылмай транспланттау қарқыны қарыштамайды екен.
Жіберіп алмаңыз:
Павлодарда қос кәсіпкердің арасында зират үшін дау шықты
Ұстазы: Максим Арышев Отанын қатты жақсы көрді
Алматы метросындағы жасөспірімдердің әрекеті пойыздың шұғыл тоқтауына себеп болды (видео)