Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық оқушы қызды шашын бояғаны үшін айыппұлмен қорқытқан: Шаш бояуға тыйым салынған ба

түрлі түсті шашы бар қыз
Фото: chel.kp.ru / Олег ЗОЛОТО

Алматыда мектеп кіреберісінде оқушы қыздардан шаштарын жинауды талап етіп, бір қызға шашын ашық түске бояғаны үшін айыппұл салынатыны ескертілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматылық Динара Насип бұл жағдайды ұлын мектепке шығарып салу кезінде байқағанын Threads желісінде жазды. Оның айтуынша, мектеп кіреберісінде тұрған әйел қыз балаларға шаштарын жинауды қатты дауыстап талап еткен.

"Біздің Оқу-ағарту министрлігімізге қатты таңғалдым. Баламды мектепке шығарып салып бара жатып, кіреберісте бір әйелдің барлық қыздарға шаштарын жинауды талап етіп, айғайлап тұрғанын көрдім. Тіпті бір қызды қолынан ұстап алып, шашы боялғаны үшін айыппұл салынатынын айтыпты. Неге біздің балалар өздерін еркін көрсете алмайды? Неге олардың өзін-өзі танытуына осындай шектеулер қойылады? Осындай талаптар енгізбес бұрын, 5-сынып оқушыларының оқулықтарын жаңартып алсаңыздаршы. Ұят емес пе?" – деп жазды ол.

Жазба авторы кіреберісте оқушыларға ескерту жасаған әйелдің нақты кім екенін көрсетпеген. Кейін пікірлердің бірінде оқиға №96 мектепте болғаны жазылған. Пост жарияланған алғашқы сағатта екі мыңнан астам қаралым жинап, 350-ден аса реакция мен жүзге жуық пікірге ие болған. Пікір білдірушілердің көзқарасы екіге бөлінген. Бірқатар қолданушы жағдайды оқушыларға жасалған қысым деп бағаласа, енді бірі мектепте белгіленген тәртіп талаптарын барлық оқушы орындауы қажет екенін айтқан.

Кейбір пікір иелері мәселе талаптың өзінде емес, оны оқушыларға жеткізу тәсілінде екенін атап өткен. Сондай-ақ мектептердің балаларды бір үлгіге келтіруге тырысып, олардың өзін-өзі көрсетуіне шектеу қоятыны туралы пікірлер де айтылған. Ал мектеп тәртібін қолдаған қолданушылар шашты жинау, көзге түсетін макияж жасамау және артық әшекей тақпау сияқты талаптарды оқу орнындағы қалыпты ережелер деп санайтынын жеткізген.

 Мектеп оқушыға бірден айыппұл сала алмайды

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, міндетті мектеп формасына қойылатын жалпы талаптар №26 бұйрықпен белгіленеді. Ал оқушылардың нақты киім үлгісі мен сыртқы келбетіне қойылатын талаптарды мектеп қамқоршылық кеңесі, ата-аналар комитеті және мектептің өзін-өзі басқару ұйымымен бірге белгілейді. Мұндай талаптар жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілуге тиіс. Мектеп басшылығы оқушылар мен ата-аналардан білім беру ұйымының жарғысын, ішкі тәртіп ережелерін және басқа да белгіленген талаптарды сақтауды талап етуге құқылы. Ереже бұзылған жағдайда мектеп алдымен оны тіркеп, оқушымен профилактикалық әңгіме жүргізуі керек. Кейін ата-анасына хабар беріліп, белгіленген талаптарды сақтау қажеттігі түсіндіріледі.

Егер ата-ана өз міндетін жүйелі түрде орындамаса, материалдар білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаментке жіберіледі. Әкімшілік хаттаманы мектеп емес, осы департаменттің қызметкерлері жасай алады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабына сәйкес, ата-анаға ескерту жасалуы немесе 5 АЕК мөлшерінде 21 625 теңге айыппұл салынуы мүмкін. Ал бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл 20 АЕК-ке – 86 500 теңгеге дейін өседі.

Шаш бояуға қатысты нақты тыйым жоқ

Сонымен бірге №26 бұйрықта шашты бояуға қатысты нақты тыйым көрсетілмеген. Құжатта негізінен мектеп формасының киімі, аяқ киімі, түсі мен үлгісіне қойылатын талаптар жазылған. Ал шаштың түсі немесе шаш үлгісіне қатысты шектеулер болса, олар нақты мектептің ішкі ережесінде көрсетілуі керек. Осыған ұқсас жағдай Оралда да талқыланды. Онда ата-аналарға қыздарға үш түрлі, ұлдарға бір ғана шаш үлгісі ұсынылған мектеп жадынамалары наразылық тудырған. Сондай-ақ боялған шашқа тыйым салынған. Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы шаш үлгілері тек мысал ретінде көрсетілгенін, оқушылар сол үш нұсқаның бірін ғана таңдауға міндетті емес екенін түсіндірді. Алайда боялған шаш пен макияжға қатысты шектеу бар екенін растады. Бұған дейін де Қазақстан мектептерінде оқушылардың шаш үлгісіне қатысты осындай даулар болған. 2021 жылы бір оқушыға шашын ағартуға рұқсат беріліп, оны қызыл немесе күлгін түске бояуға тыйым салынған еді. Сол кезде жасөспірім өзінің сыртқы келбетінің оқуына немесе тәртібіне қалай әсер ететінін түсінбегенін айтқан.

Еске салайық, бұған дейін жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде оқушылардың сырт келбетіне қойылатын талаптарды қатаңдату жоспарланып отырғанын жазған едік. Атап айтқанда, қыздардың макияжына, маникюріне, шаш үлгісіне, ал ұлдардың шашы мен әшекей тағуына қатысты шектеулер енгізілмек.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 17:17