Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы дәмді тағамдарымен танылған үздік қалалардың қатарына енді

Алматы тағамдар (1)
Фото: Stan.kz

Америкалық Eater басылымы Алматыны Where to Eat 2026 тізіміне енгізді. Басылым Алматыны дәмді тағамды ұнататындар міндетті түрде барып көруі тиіс қалалардың бірі деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Eater басылымының жазуынша, Басылымның жазуынша, қалада жаңа мейрамханалар мен ерекше тағам ұсынатын орындар көбейген. Сонымен қатар, аспаздар қазақтың дәстүрлі тағамдарын жаңа үлгіде ұсынып жүр. Соның арқасында Алматы Орталық Азиядағы дәмді асымен танылған қалалардың біріне айналып келеді.

"Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыдағы мейрамханалар бұл қаланы дәмді тамақ жегенді ұнататындар міндетті түрде барып көруі тиіс орындардың біріне айналдырды", – деп жазды басылым.

Басылымның бағалауынша, Алматының қазіргі ас мәдениеті дәстүр мен заманауи бағытты үйлестіре білген.

Қалада қазақтың ұлттық тағамдарымен қатар ұйғыр, орыс, өзбек, кәріс, түрік және үнді асханасының да әсері байқалады. Дәстүрлі тағамдар әлі де сұранысқа ие болса, көптеген мейрамхана оларды жаңаша ұсынып жүр.

Сондай-ақ басылым Алматыда соңғы жылдары Орталық Азияның аспаздарын біріктірген алғашқы Almaty Food Fest фестивалі өткенін және қаланың алғашқы ресми гастрономиялық гиді жарық көргенін атап өтті.

Авторлар Алматыдағы ұзақ шай ішу дәстүріне де баса назар аударған.

"Қай жерде тамақтансаңыз да, дастарханда міндетті түрде шай болады. Көбіне қара шай беріледі, кейде оған жергілікті жемістер мен дәмдеуіштер қосылады. Бір кесе шайдың үстінде бірнеше сағат отырып әңгімелесуге болады", – деп жазды материал авторы Джоанна Лобо.

Басылым туристерге міндетті түрде палаудан дәм татуға кеңес берген. Авторлардың айтуынша, бұл тағам Алматыда көптеген жерде дайындалады, ал ең дәмді нұсқалары сөлді етпен, жақсы қуырылған сәбізбен, кейде қазымен бірге ұсынылады.

Сонымен қатар Eater ұлттық тағамдарды ұсынатын мейрамханалардың көп болуы туристерге қазақ асханасымен танысуды жеңілдететінін атап өтті.

Eater – мейрамхана мәдениеті мен гастрономия туралы жазатын әлемдегі беделді басылымдардың бірі. Оның жыл сайын жарияланатын Where to Eat тізімі гастрономиялық туризмге қызығатын оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 15:37