Алматыда 5 адамның өмірін қиған Игорь Дужновтың әйелі күйеуінің көгерген денесіне қатысты шағым түсірмекші
Анаид Демирчян күйеуінің көгерген түрін бүкіл Қазақстан көргенін айтып, кінәлілерді жауапқа тартуға ниетті екенін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Экспресс К" сайтына сілтеме жасап.
Фото “Экспресс К” сайтынан
Күдіктінің әйелінің ойынша, күйеуі бұл соққыларды қолға түсірген уақытта алуы мүмкін.
"Оқиға болған күні, 20 қыркүйекте ол сап сау болатын және ешқандай көгерген белгілер болмаған еді. Алайда менің сотта көргенім... Жарайды, олар бұған көзді жұмып қарағанымен күйеуімнің түрін бүкіл Қазақстан көрді. Бет аузы оңбай көгерген. Соққыға жығылғанын түсіну үшін арнайы маман болудың да қажеті жоқ", - дейді Демирчян.
Сондай-ақ, ол күйеуінің ешқандай қарсылық көрсетпегенін алға тартады.
"Мен барлық жерге шағымданамын. Қазірдің өзінде шағымданып жатырмын. Бұл мәселені жәй қоя салмаймын. Бұл нағыз заң бұзушылықтың көрінісі. Ол ешқандай қарсылық танытқан жоқ. Күйеуім өз еркімен беріліп, өздігімен көлікке отырды", - деп қосты әйелі.
- "Қолына қару ұстап көрген емес": Алматыда атыс шығарған азаматтың жары күйеуі жайлы айтты
- "Бізді үйден қуып, тентіретіп жібергілері келді": Алматыда бес адамды атып өлтірген азаматтың әйелі Тоқаевтан көмек сұрады
- "35 мың еуро алған, 12 жылдан бері қайтармады": Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужнов тағы кімдерге қарыз?
Анаид Демирчян күйеуіне қазір қалай қарап жатқандығын білмейді, бірақ заңгер онымен заң аясында тілдесіп жатқандығын айтады.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.
Үйде әйелдер мен балалар болғандықтан күдіктіні арнайы жасақ қару қолданбай қолға түсірді.
"Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 1967 жылы туған ер азамат 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.