Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізді үйден қуып, тентіретіп жібергілері келді": Алматыда бес адамды атып өлтірген азаматтың әйелі Тоқаевтан көмек сұрады

Алматыда атыс шығарып, 5 адамның өліміне себепші болған азаматтың әйелі Анаида Демирчян Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Мен бүкіл Қазақстанға айтқым келеді. Өкінішке қарай, заңның бәрі біз ойлағандай жұмыс істемейді. Қазақстан мемлекеті кәмілетке толмаған балаларды қорғамайды. Мен үш баланың анасымын. Оның екеуі әлі кәмілетке толмаған. Бар жауапкершілікпен “Банк Центр Кредиттің” бізді бар дүние-мүлкімізден айырғанын мәлімдеймін. Олар бізді ұялмай алдады. Біздің жылжымайтын мүлкімізді 5 есе арзан қылып, тиын-тебенге сатып жіберді. Бізге ескертпестен өз шешімдері бойынша осылай жасады. Өздерінің жемқорлық әрекеттерін жүзеге асырып, бізді алдады. Иә, болған оқиғадан кейін бұның бәрін айту өте қиын”, – дейді әйел. 

Оның айтуынша, банк тарапынан бұндай әрекеттер болмағанда ешқандай оқиға болмас еді.

“Құрметті, қазақстандықтар! Бізді заң қорғамайды. Мен президентке, жоғарғы судьяға үнемі хат жазатынмын. Ол жақтан жауап келемін дегенше, барлығы осы жерде мүлдем басқаша шешіле салады. Тіпті сотта да ірі көлемде жемқорлықтар болады. Ертең маған не болатынын білмеймін. Бірақ жоғалтатын ештеңем қалмады. Күйеуімді сондай халге сот орындаушыларының әрекеті жеткізді. Олар әрқашан бізге хабарласып қорқытатын. Кәмілетке толмаған балаларыммен қоса бізді үйден шығарып, тентіретіп жібергілері келді. Қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамын. Иә, күйеуім қателік жіберді, бірақ сот орындаушысы оны әдейі осы қадамға итермеледі. Оны дәлелдейтін видеолар бар. Сіздермен бөлісе аламын”, – дейді Анаида Демирчян.

Әйел банктер негізінде КЕАҚ-пен ынтымақтасып, жұмыс істейтінін айтады. Осы арқылы заңсыз тіркеулер мен қайта тіркеулерді жүзеге асыратын көрінеді. 

“Бірнеше минут ішінде бізді көшіру туралы шешім қалай шығады? Қарызды жабатын сұлулық салоны болғанына қарамастан, тұрғын үйімізді қалай ала алады? Оған қоса менің мойныма тағы 20 млн теңгені артып қойды. Бұл туралы барлығы біледі", – дейді әйел.



Анаида Демирчян сол күні болған оқиғаның қалай болғанын айтып, президенттен көмек сұрады. 

"Оқиға болған кезде мен үйде балалардың жанында болдым. Жедел жәрдем шақырдық. Барлығы қалай болғанын толық білмеймін. Өз көзіммен көрген жоқпын. Тек атыстың даусын ғана естідім. Бірақ сол кезде прокуратура, кезекші прокурор келіп, заң жүзінде бәрін түсіндіргенде қылмыс болмайтын еді, түсінесіздер ме? Қаншама адам зардап шекті. Күйеуім мен отбасым зардап шекті. Алда не боларынан хабарсызбын. Біз заңға бағынатын азаматтар екенімізді, президентке миллион рет үндеу жасағанымды бүкіл әлем білсін. Қазір де үндеу жасайтын боламын. Құрметті, Президент мырза! Сіз конституция кепілі болғандықтан біздің кәмілетке толмаған балаларымызды қорғауыңызды сұраймын! Кішкентай баламның жүрегі ауырады, кеше ұстамасы ұстап қалды. Ал сот орындаушысына бәрібір, ол жедел жәрдем де шақырмады. Біздің қызметкерлердің жемқорлық пен заңсыз әрекеттері туралы мемлекет те, Президент, сіз де жақсы білесіз", – деді Анаида Демирчян. 

Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен  қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.

21 қыркүйекке қараған түні Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы жаппай кісі өлтіру болған Алматыдағы үйден бір отбасын шығару жағдайында атқарушылық өндіріс екі жеке тұлғаның дауы болып табылатынын мәлімдеген

Талқылау