Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында ер адам жедел жәрдем шақыртып, дәрігерлерге шабуыл жасаған

Алматы облысының тұрғыны дәрігерлерге шабуыл жасап, жедел жәрдем көлігі жүргізушісін ұрып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыс денсаулық сақтау басқармасына сілтеме беріп.

жедел жәрдем

Жедел медициналық жәрдем бригадасы Еңбекшіқазақ ауданының "Саяжай" ауылынан келіп түскен шақыруға барған. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты жедел жәрдем қызметі 15 минут аралығында келген.

"Оқиға орнына келген ЖМК бригадасы 57 жастағы науқастың қайтыс болғанын анықтады. Оның баласы қолына пышақ алып, ашулы күйі дәрігерлерді қорқыта бастаған, марқұмның денесін тасымалдауды талап еткен. Ер адам жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасап, оны ұрып-соққан", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау.

Жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, мұрынның бітелуі және басқа да зақымдары диагнозы қойылған зардап шеккен жүргізуші ауданаралық көпсалалы ауруханаға жатқызылды.

"Аталған факті бойынша арыз қолданыстағы заңнама аясында шаралар қабылдау үшін полицияға жолданды", - деп атап өтті басқармада.

Ақпан айының соңында науқастың ұлы хирургты ұрғаны хабарланған. Нәтижесінде зардап шеккен дәрігер жабық бас сүйек-ми жарақатымен және бас миының шайқалуымен травматологиялық бөлімшеге жатқызылды.

Талқылау