Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы маңындағы ұшақ апаты: Қаза тапқан ұшқыштың отбасына 4 миллион теңге төленеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылы Алматыда Bek Air ұшағының апатынан кейін қаза болған ұшқыш Миржан Молдақұловтың отбасына төрт миллион теңге беретін болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Bek Air әуе борты экипажымен болған әңгіменің аудижазбасы табылды

Қаржылық көмек Bek Air ұшқышы Миржан Молдақұловтың әйелінің 2021 жылдың сәуір айында жазған өтініші негізінде көрсетіледі. Еңбек министрлігі әзірлеген үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

"2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы облысының Талғар ауданында болған әуе апатынан қаза тапқан ұшқыш Миржан Молдақұловтың жұбайына қаржылай көмек көрсетуге үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінен 4 миллион теңге сомасында қаражат бөлінсін", – делінген құжатта.

Айта кетсек, апаттан соң екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов ауыр жарақатпен ауруханаға түскен болатын. Оған ота жасалып, 2020 жылдың 21 қаңтарында ауруханадан шығарылды. Алайда бір аптадан кейін ер адам өз үйінде көз жұмды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Миржан Молдақұловтың әйеліне қаржылық көмек неліктен ұшқыш қайтыс болғаннан соң бір жарым жылдан кейін төленгенін түсіндірді. 

Еңбек министрлігінің айтуынша, қаза тапқандардың отбасыларына ақша төлеген сәтте Миржан Молдақұлов әлі тірі еді. Жергілікті билік зардап шеккендердің тізімін жасаған кезде ұшқыш қайтыс болған. Сондықтан Молдақұловтың отбасы бірінші де, екінші де тізімге енбеген. Ешқандай қаржылық көмек де алмаған.

Ақыры билік қайтыс болған ұшқыштың отбасына көмектесуге шешім қабылдап, Үкіметтің резервінен ақша бөлген.

Миржан Молдақұлов қайтыс болғаннан кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев алдын ала деректер бойынша әуе апатынан алған жарақаттар ұшқыштың өліміне себеп емес екенін айтқан болатын. 

Еске сала кетсек, ұшақ апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған. Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған жолаушыға лық толы "Фоккер 100" қажетті биіктікке көтеріле алмай, Гүлдала ауылындағы жеке үйлердің біріне барып соғылған. Қайғылы оқиғадан 12 адам қаза тапты. Соның ішінде ұшақ командирі Марат Мұратбаев та бар.



Осыдан кейін Bek Аir-дің қызметі тоқтады. Әуе компаниясы лицензиясынан түбегейлі айырылды.

Талқылау