Ақтөбеде 9-сынып оқушысын өлтірді деген күдікпен үш жасөспірім ұсталды
2 қыркүйекте Ақтөбе облысы Темір ауданының Қопа ауылында кәмелетке толмағандар арасында қақтығыс болып, оның барысында 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Полиция әлеуметтік мәртебесіне, туыстық байланыстарына қарамастан, барлық кінәлі адам жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Марқұмның туыстары ұсынды
Ақтөбе полиция департаменті басшысының орынбасары Ғалым Байжановтың мәліметінше, факті бойынша бұзақылық және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Кезекші тәулікте осы оқиғаның барлық қатысушылары анықталды. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыстық іс полиция департаментінің өндірісіне қабылданды. Процессуалдық прокурор тағайындалды. Қазіргі уақытта объективті және жан-жақты тергеуге шаралары атқарылып жатыр. Үш кәмелетке толмаған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әлеуметтік мәртебесіне, туыстық байланыстарына қарамастан, барлық кінәлі адам жауапқа тартылады.
Қылмыстық іс бойынша өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды. Тергеу барысы полиция департаменті бастығының бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында оқу жылының алғашқы күнінде, яғни 2 қыркүйекте оқушылар төбелесіп, 14 жастағы бала қайтыс болған еді. Полицияның мәліметінше, жасөспірімдер арасындағы төбелес 2 қыркүйек күні түнде Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында болған. Оқиғаға қатысты ауыл мектебінің 18 оқушысынан жауап алынып, 2 адам күдікті ретінде қамауға алынған.