Алдағы жылдары Қазақстанда бала туу көрсеткіші өседі - Сарапшылар
Президенттің жолдауын талқылаған сарапшылар алдағы жылдары елде бала туу деңгейінің өсетінін болжады. Бұған Ұлттық қор табысының жартысыy балаларға теңдей бөлу туралы Тоқаевтың тапсырмасы әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Шымкент тұрғыны Бибінұр Қабылбекова президенттің жолдауын балаларымен бірге тыңдағанын айтады. Оның бес баласы бар, олардың үшеуі мектепке, екеуі балабақшаға барады екен.
"Мен бастауыш сыныптың мұғалімімін. Күйеуім де жұмыс істейді. Шынымды айтсам, балаларымыздың жеке жинақтаушы шоты болатынын естігенде қуандым. 18 жасқа толғанда олар бұл ақшаны білім алуға немесе баспаналы болуға жұмсай алады. Мұндай бағдарламаның Араб елдерінде барын еститінмін, енді бізде де осындай мүмкіндік пайда болды", – деді Бибінұр Қабылбекова.
Шымкент тұрғыны Рафаэль Ибраев президент ұсынған "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасын қолдайтынын жеткізді.
"Мұны дұрыс деп ойлаймын. Ата-аналарға жеңіл болады, себебі 18 жасқа толып, жоғарғы оқу орнына түскенде осы қаржыны пайдалана алады. Мұны бастама үшін "трамплин" десек болады. Өзімнің екі балам студент, біреуі ақылы бөлімде оқиды", – дейді ол.
Сарапшылардың сөзінше, бұл бағдарламадан кейін елде бала туу көрсеткіші өседі. Сәйкесінше экономиканың ілгерлеуі мен еңбек нарығындағы мамандар санының артуына септігін тигізеді. Ал Ұлттық банк өкілдері аталмыш бағдарламаны іске қоспас бұрын көп жұмыстың атқарылуы керегін атап өтті.
"Тыңғылықты әзірлеуді қажет ететіндіктен, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарында іске қосу тапсырылды. Осыған байланысты бағдарламаның механизмі мен регламенті Үкімет пен Ұлттық банк әзірлеген соң ғана жарияланады", – деді Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан.