Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде алты немесе одан да көп балалы аналардың жәрдемақысы көбейтіледі

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері ұлғайтылады. Сондай-ақ алты немесе одан да көп балалы аналарға жаңа мәртебе беріліп, жәрдемақысы көбейтіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енді бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы бір жарым жылға дейін беріледі.

“Бұл ретте, МӘСҚ-тен төлем алушы жұмысқа ерте шыққан жағдайда, оның мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталатын болады. Жұмыс берушілердің олардың қызметкерлері үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің мөлшері өзгеріссіз қалатынын атап өту қажет.

Сонымен қатар бала туғанға дейінгі соңғы 2 жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-аналар жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады”, – деді министрлік өкілдері.

Бұған қоса ведомство өкілдері арнайы наградаға ие аналар үшін жәрдемақы мөлшері ұлғайтылатын тілге тиек етті. 

“Әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері сараланбақ. Мәселен, "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бүгінгі таңда 6 және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей жәрдемақы алады. Бұл ретте 6 немесе 7-ден көп бала туып, тәрбиелеген көпбалалы аналарға құрмет ретінде наградталған аналар мәртебесі белгіленеді”, – делінген еңбек министрлігінің хабарламасында.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға азық-түлік жиынтығын өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беріледі. Бұл АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем белгілеу арқылы әлеуметтік топтаманы монетизациялау жүзеге асырылады. Сондай-ақ мүгедектігі бар балалар үшін қызмет көрсетумен айналысатын жеке көмекшілерге зейнетақы тағайындау кезіндегі жұмыс өтіліне қосу мақсатында 2023 жылдан бастап зейнетақы жарналары жүзеге асырылады.

Мұнымен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша,  бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделіп отыр.

Талқылау