Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде жаңа туған сәбилерді асырап алуға көмектесемін деп алдаған алаяқ сотталды

Ақтөбеде жаңа туған сәбилерді асырап алуға көмектесемін деп алдаған алаяқ сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

Ақтөбе қаласының №2 сотында бірнеше рет алаяқтық жасады деп айыпталған күдікті Б-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Соттың мәліметінше, күдікті Б 2022 жылы сәуір айында, өзінің таныстарына перзентханада жұмыс істейтінін және анасы бас тартқан жаңа туған сәбилерді еш қиындықсыз заңды түрде асырап алуға көмектесе алатыны туралы жалған ақпарат таратқан. 

“2022 жылдың сәуір айында жәбірленуші Ж сотталушыға қоңырау шалып, өзінің жаңа туған сәбиді заңды түрде асырап алғысы келетінін айтқан, сотталушы көмектесе алатынына сендіріп, өзінің еңбек ақысы ретінде 600 000 теңге сұраған. Осылайша, сотталушы алдау арқылы жәбірленушіден ақшалай қаражат алып, 600 000 теңге көлемінде материалдық залал келтірген. Ал 2022 жылдың қараша айында сотталушы өз көмегі үшін 1 200 000 теңге сұрап, екі сәбиді асырап алуға көмек үшін жәбірленуші Д-дан 2 400 000 теңге қаражатын алған. 2023 жылдың қазан айында сотталушы дәл осындай тәсілмен 1 320 000 теңге ақшалай қаражат иемденген”, – делінген сот хабарламасында. 


Атыраулық келіншек балаларын төрт рет сатып жіберген


Сонымен қатар сотталушының танысына Грузия мемлекетінде тіркеуде тұрған автокөлікті Қазақстанда тіркеуге коюға көмектесе алатынына сендіріп, алдау жолымен 1 161 000 теңге қаражатын алғаны анықталды. 

Сот отырысында сотталушы тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрайтынын, қаражаттарын қайтарынын айтты.

“Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот шын ниетпен өкінуін және жас балалары барын ескерді. Сот үкімімен Б. кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген сот үкімінде. 

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылып, сотталушыдан жалпы сомасы 4 881 000 теңге материалдық шығын өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында әйел жаңа туған егіз баласын 546 мың теңгеге сатып жібергені туралы жазған едік. 

Талқылау