Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Әкімдік пен білім бөлімі кінәлі”: Семейде шырша безендіру кезінде құлап кеткен мұғалімнің әйелі оқиға туралы айтты

Семейдегі қалалық шыршасын безендіру кезінде зардап шеккен мұғалімнің әйелі болған оқиғаны айтып, кінәлілердің жазалануын талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скрин

Семейде орталық алаңда орнатылған жаңа жылдық шыршаны безендіруге жергілікті ұстаздар жұмылдырылған.
Олардың арасында биіктен құлап, басынан жарақат алған ұстаз Қуат Айтқалиевтің жұбайы болған жайттың мән-жайын айтып берді. Оның айтуынша, күйеуі орталық алаңға мектеп директорының тапсырмасымен шыққан.

"Шамамен 09:00-де кеткен еді. 4-5 метр биіктіктен құлап кетіпті. Сенбі күні шырша безендіруге шықырылды. Бұл мұғалімнің кәсіби құзыретіне жатпайды. Білім бөлімі де, әкімдік те кінәлі. Бұл мектептің шыршасы емес, қалалық шырша. Шыршаны орнатуға 30 миллион теңге бөлінсе де, бейшара мұғалімдерді шақырып алған. Осылайша адам тағдырымен ойнап жүр", – деді жәбірленушінің әйелі Сымбат Аянқызы.

Белгілі болғандай Сымбат Аянқызы да мұғалім. Күйеуінің 10 жылдық еңбек өтілі бар. Бұған дейін ол Астанада жұмыс істеген, содан кейін отбасы Семейге қоныс аударған.  


Семейде мұғалім алаңдағы шыршаны безендіремін деп биіктен құлаған: Оны орнатуға әкімдік қаражат бөлмеген


“Күйеуім екі күн жансақтау бөлімінде жатты. Қазір есін жиды. Бірақ қиын сұрақ қойсаң шатасып қалады. Ең бастысы есін жиып үлгерді. Операция жасалды. Бір баламыз бар. Ары қарай не боларын білмеймін. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұғалімдердің қоғамдық жұмыстарға қатысуы талап етіледі. Кінәлілер жазасын алсын. Жолдасым үшін соңына дейін барамын", – дейді ұстаздың жары Сымбат Аянқызы.

Облыстық білім басқармасының басшысы Абай Нұржан Ахметқалиевтің түсіндіруінше, бұл іске қатысты тергеу жүріп жатыр, тексеру барысында барлық түсіндірме хаттар жинақталған. Осы мәселеге жетекшілік ететін Семей қаласы әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс жарияланып, Семей қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.

“Оқиға сенбі күні, 21 желтоқсанда сағат 15:00-де болды. Семей қаласының әкімбігі және білім бөлімі зардап шегушіге толықтай медициналық және материалдық көмек көрсетеді", – деді облыстық білім басқармасының басшысы Абай Нұржан Ахметқалиев.

Айта кетейік, 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктіктен құлап зардап шеккен еді. Ол Nº49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев болып шықты. Қазір мұғалім жансақтау бөлімінде. Осы оқиғадан кейін Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылған. Ал мектеп директорлары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Талқылау