Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жақсы атақты басқалар пайдаланып кетіп жатыр": Adal партиясы AMANAT партиясына қосылатынын мәлімдеді

Adal партиясы әлеуметтік желідегі парақшаларында Саяси кеңестің AMANAT партиясына қосылу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Партия жариялаған мәлімдемеде Adal партиясының мүшелеріне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс стилі ұнайтыны жазылған. 

"Ол қазір әділетті мемлекет құруды көздеп отыр. Мемлекет басшысының бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауы аясында айтқан саяси реформалары соның тағы бір дәлелі.

Бірақ бұл айтылған реформалар қалай жүзеге асырылады? Мәселе осында. Ол үшін бүкіл қазақ қоғамы бірігуі қажет. Президент реформаларының жергілікте жерде тиісті деңгейде іске асырылмай қалу қауіпі жоғары. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан "Достарға – бәрін, қалғанына заң бойынша" деген қағидамен келген қоғамның өткенін ұмытпауымыз керек", - делінген хабарламада. 

Adal партиясы Жаңа Қазақстанды құруға белсене қатысып, елге оң өзгерістер әкелуді көздейтінін мәлімдеді. 

"Партияластарымызбен ақылдаса келе, бүгін Adal-дың Саяси кеңесінде президенттік Amanat партиясына қосылу туралы бірауыздан шешім қабылдадық”, – деді олар. 

Осы тұста Adal-дың саяси-кеңес мүшесі, танымал журналист Мақсат Толықбай Stan.kz тілшісіне партияның бұл шешімі туралы пікір білдірді. 

“Көбісі партия шешімін бүгінгі жолдаумен байланыстырып жатыр. Бұл – жолдаудың алдында көтерілген мәселе. АMANAT партиясымен қаншама жиын өткіздік. Бізде дайын тұрған платформа бар. Сарапшылар жалдап, барлық өңірде сарапатама жасағанбыз. Қазір Жаңа Қазақстан деп ұрандатып жатырмыз. Партияның функциясы тек бақылау емес қой. Бізге қазір өңірлерді дамыту бойынша үкіметке ұсыныс айту керек. Қазір ауыл әкімдерінен бастап тегін оқытып жатырмыз. Ұсыныс кезінде бізде "неге бірлесіп жұмыс жасамасқа" деген ой туындады”, – дейді ол. 

Журналистің айтуынша, Adal партиясы ешқайда жоғалып кеткен жоқ.

“Партия осы уақытқа дейін қабылданған заң жобаларының барлығына қатысып келе жатыр. Талай ұсыныс айтылды, бірақ жеме-жемге келгенде дауыс беру құқығы жоқ. Айтамыз, бірақ дауыс бере алмаймыз. Жақсы атақ, жақсы абыройды басқа адамдар пайдаланып кетіп жатыр”, – дейді. 

Ол дәл қазір партияның жүзеге асатын платформасы, идеясы, бағдарламасы барын айтты. Алайда тетік жоқ көрінеді. 

“Келесі сайлау қашан өтеді және ол сайлауда адал өте ме, өтпей ме деген мәселе де туындайды. Қоғам өзгерісті ертең емес, бүгін қалап отыр. Сондықтан жеке бастамаларымызды бір жерге жинап қойып, халық қалаған өзгерісті, осы идеяларды  бірлесіп жүзеге асырайық деген ой туды. Президент бастама көтерді, барынша екі жақтап қолдап отырмыз”, – дейді журналист.  

Талқылау