Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында былтыр 84,7 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған

Абай облысында ауылшаруашылық саласын дамыту қарқынды жүзеге асырылып келеді. Өңірде дәнді-дақылдар алқаптары ұлғайтылып, мал басы еселеніп келеді. Тіпті осы мақсатта былтыр 84,7 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мәліметіне сүйенсек, агроөнеркәсіптік кешеннің барлық саласында салмақты даму бар. Мысалға 2022 жылы егіс алқабы 742,6 мың гектарды құраған. Оның ішінде дәнді дақылдар алқабы ұлғайтылып, нәтижесінде майлы дақылдар 12,4 мың гектарға (265,8 мың га), көкөніс пен картоп 0,2 мың гектарға (14,0 мың га) және жемшөп 3,8 мың гектарға өсіп,  130,8 мың гектарды құраған. 

Сонымен қатар өңірде суды үнемдеуші технологиясымен суару да жүзеге асырылады. 

“2023 жылы суармалы жерлердің көлемін 11,5 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Жыл басында облыстың АӨК-де "Елімай Көкпекті" ЖШС 1563 гектар алаңында суару жүйелерін (17 жаңбырлату машинасы) салу бойынша 1,5 миллиард теңгеге инвестициялық жобасы іске асырылды. Сонымен қатар биыл энергетика министрлігі көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 19,3 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді”, - делінген басқарма ақпаратында. 

Өңірде мал басының саны да артып отыр. Ірі қара 4,9%-ға, яғни 715,6 мыңға, ал жылқы 11,3%-ға – 325,5 мыңға, қой 4,1%-ға –  984,7 мың басқа көбейген. 

Өнімділік бойынша құс етінде өсім өте жоғары - 33,3 пайыз. Яғни 17,6 мың тонна. Сиыр еті 50,2 мың тоннаға артқан. 

Облыста көкөніс өнімдерін сақтау үшін жалпы көлемі 51,8 мың тонна болатын 13 көкөніс қоймасы бар. Қолда бар қуаттар көкөніс өнімдерін сақтау үшін жеткілікті болып табылады.

Абай облысында ауылшаруашылық мақсаттағы инвестициялық жобалардың да ауқымы үлкен. Биылдың өзінде негізгі капиталға кемінде 40,0 миллиард теңгеге инвестиция тарту және 7,6 миллиард теңге көлемінде 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар субсидиялауға 15,2 миллиард теңге көлемінде қаражат бағытталған. 

Абай облысының жалпы аумағы 18,5 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы маңызы бар жерлер 9,0 миллион гектар. Яғни жайылымдық жер 7,7 миллион гектар болса, егістік жерлер 826,2 мың гектар. 

Меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жалпы саны 169,4 мың. Оның 9,7 мыңы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі жер пайдаланушылар болса, 351 мал шаруашылығы бірлестіктері, 721-і шөп шабумен және мал бағумен айналысады.

Өткен жылы облыс бойынша көлемі 84,7 мың га жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтарған. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған 250 мың гектар жерді қайтару жоспарға қойылған.

Талқылау