Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"10 жастағы қыз неке түнін күтіп отыр": Белгілі журналист "Астана" арнасын педофилияны ашық насихаттайды деп айыптады

Белгілі журналист Кәмшат Тасболат Facebook-тегі жеке парақшасында отандық “Астана” арнасынан көрсетіліп жатқан үнді телехикаясын сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Журналистің жеке парақшасынан алынды

Медиа өкілі үнді киносын көрсетпеуді талап етіп, арна ұжымын қатаң сынады. 

“Масқара! Astana арнасында бала құқығын бұзатын, педофилияны ашық көрсететін “Қорғаушы ханым” атты үнді сериалы боп жатыр?! Шыны керек, отандық арнаның мұншалықты қоқыс жәшігіне айналғанын білмеппіз. Ақпарат министрлігі, Бала құқығын қорғайтын ұйымдар, омбудсмен, Президент жанындағы әйелдер мәселесімен айналысатын комиссия, депутаттар назар аударатын дүние. Сериалға келсек, шамамен 9-10 жасар қыз (бойы ересектердің белінен келеді) төсекте неке түнін күтіп жатыр. Күйеуі 18-20 жастан асқан еркек. Одан сорақысы, бөлмеге 50-60-тағы шал кіріп кетіп, кішкентай баланы аяғынан сипалап, аймалай бастайды. Шыны керек, адамның жүйке жүйесіне, психикасына кері әсер ететін видео. Осыдан кейін елімізде педофилия қылмысы неге көбейді деп несіне таңғаламыз егер мемлекеттік арнадан мынандай азғындық ашықтан-ашық көрсетіліп жатса?! Адамның жүрегін айнытатын, аздыратын мына сериалды эфирден алып тастау керек! Бұрынғыдай әр сериалды сараптан өткізу керек. Салық төлеушілердің есебінен күнін көріп отырған арналар контент үшін жауап берсін”, – деп ашуланды журналист. 



Өз кезегінде арна ұжымы да, пікір білдіріп, түсіндіруге тырысты. 

“Құрметті Кәмшат ханым! "Астана" телеарнасында жүріп жатқан "Қорғаушы ханым" телехикаясын көріп жүргеніңіз үшін және сериалға қатысты пікір білдіргеніңіз үшін рақмет! "Қорғаушы ханым" – балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауды насихаттайтын телехикая. Үнді халқының ортағасырлық жабайы салт-дәстүріне қарсы бағытталған. Басты кейіпкер халқының осындай кереғар дәстүріне қарсы шығады. Есейе келе адвокат мамандығын алып, балалар мен әйелдердің құқығын қорғайды. Телехикая әйел теңдігі, адал махаббат және қорғаушы (адвокат) қызметі туралы. Телехикая телеарнаның коммерциялық табыстан түстен жеке қаражатына сатып алынған және аударылған. Бүгіннен бастап телехикаядағы сюжет желісі бойынша басты кейіпкер бой жетіп, адвокат ретінде қызмет көрсете бастайтын бөлімдері көрсетіледі. Телехикаяны тамашалауға шақырамыз!", – деді телеарна ұжымы. 

Айта кетейік, даулы мәселеге қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігі пікір білдіруден бас тартты. 

Талқылау