Жол апатынан кейін журналист Динара Егеубаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Журналист Динара Егеубаева өзіне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру фактісін қамтиды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Егеубаеваның айтуынша, арызды бірнеше күн бұрын оның көлігімен соқтығысқан велосипедші берген. Журналистің сөзінше, велосипедші қарсы бағыттағы жолақпен қозғалып, көлікке жақындағанда жылдамдығын бәсеңдетпеген. Ол бұл жайтты сыртқы бейнебақылау камераларының жазбалары растайтынын айтты.
"Үш күннің ішінде әкімшілік іс қылмыстық іске айналды", – деп жазды журналист Facebook парақшасында.
Динара Егеубаева тергеушінің өзінен жария етпеу туралы қолхат талап еткенін, алайда оған қол қоюдан бас тартқанын хабарлады. Сондай-ақ оған Қазақстан аумағынан шығуға уақытша тыйым салынғанын жеткізді.
Журналист бұл істің қолдан ұйымдастырылғанын айтып, өзіне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Оның пікірінше, жол-көлік оқиғасы кездейсоқ болмаған.

Егеубаеваның айтуынша, оқиға Алматыдағы Хан Тәңірі шағынауданындағы Көжақаев көшесінде болған. Ол жолға шығар алдында айналаның бос екеніне көз жеткізгенін, алайда қарсы бағытпен келе жатқан велосипедші көліктің бүйіріне соғылғанын айтты. Журналист велосипед жолы да, жаяу жүргіншілер өткелі де болмағанын және өзі жол қозғалысы ережелерін сақтағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде апатқа қатысты жалған ақпараттар мен фотосуреттер таралғанын, белгісіз Telegram-арналарда велосипедшінің ауыр жарақат алғаны туралы мәліметтер жарияланғанын айтты. Оның сөзінше, дәрігерлер велосипедшіде жабық бас-ми жарақаты бар екенін анықтаған, ал сүйек сынуы тіркелмеген.
Журналист бұған дейін де әлеуметтік желілерде өзіне қарсы жалған ақпараттар, жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнематериалдар, жалған аккаунттар мен YouTube арнасын бұғаттауға бағытталған шағымдар көбейгенін мәлімдеген. Қазіргі аталған іс бойынша құқық қорғау органдары тарапынан ресми түсініктеме жарияланған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін 3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты журналист Александра Алехованы Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Алайда сот жазаның орындалуын бес жылға кейінге қалдырып, оған үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. Тергеу мәліметінше, ол жәбірленушінің дербес деректерін заңсыз жариялаған. Ал "Әділ сөз" қоры бұл істе ақпараттың бұған дейін ашық жарияланғанына қарамастан журналистің жауапқа тартылғанына алаңдаушылық білдірген.
Кінәсіз сотталып, кейін ақталған жағдайда не болады: Заңгер мұндай кезде кімнің жауапқа тартылатынын түсіндірді