Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Динара Сәтжанға тіл тигізген ақтөбелік емші сот алдына келді: Оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін

Баян Алагөзова Динара Сәтжан Бағдагүл емші
Фото: Әлеуметтік желіден

Ақтөбе сотында продюсер Баян Алагөзова мен журналист Динара Сәтжанның талап арызы бойынша емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты әкімшілік іс қаралуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Емшінің кінәсі дәлелденсе 778 мың теңге айыппұл салынуы немесе 20 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесоваға “жала жабу” бабы бойынша айып тағылған. Продюсер Баян Алагөзова мен журналист Динара Сәтжан сотқа талап арызды бөлек-бөлек түсірген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған әкімшілік соты талап арыздарды біріктіріп қарайтын болды. Іс сотқа 20 шілдеде түскен. Іске судья Анар Айтжанов төрағалық етеді.

Лепесоваға әлеуметтік желідегі мәлімдемелері арқылы көпшілік алдында жала жапты деген айып тағылды. Сот отырысына талапкерлердің қорғаушылары мен жауапкер Бағдагүл Лепесова онлайн қатысты. Алайда жауапкердің қорғаушысы келмегендіктен іс кейінге қалдырылды.

Айта кетейік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша жеке тұлғаға 180 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу, ал лауазымды тұлғаға 650 АЕК айыппұл не 25 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Әкімшілік іс бойынша келесі сот отырысы 12 тамыз күні сағат 16:00-ге белгіленді.

Сонымен қатар Астана сотында емшіге қатысты қылмыстық іс бөлек қаралып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова ақтөбелік “TikTok-емшіні” тексеруді талап еткені хабарланған еді. Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Алайда кейінгі уақытта оның тікелей эфирдегі мәлімдемелері көпшілік арасында дау тудырып жүр. Соңғы дауға тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты айтқан сөздері себеп болды.

Осыдан кейін Динара Сәтжан емшінің қызметі мен табысына қатысты бірқатар сұрақ көтерген. Ол “ақылы бата” үшін түскен қаржы қайда аударылатынын, емшінің салық төлейтін-төлемейтінін, адам емдеуге лицензиясы бар-жоғын анықтауды сұраған.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 18:39