Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сөздері үшін жауап береді": Динара Сәтжанға тіл тигізген ақтөбелік емшіге қатысты сот басталды

Динара Сәтжан мен ақтөбелік емші
Фото: Instagram.com/dinarasatzhan / Видеодан скриншот

Танымал тележүргізуші әрі медиапродюсер Динара Сәтжан Ақтөбеде емшілікпен айналысатын Бағдагүл есімді әйелді сотқа бергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бір ай бұрын берілген талап-арыз бойынша алғашқы сот отырысы Астанада өтіп үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тележүргізуші бұл қадамға әлеуметтік желіде өзі туралы айтылған ауыр сөздер мен ар-намысына тиетін мәлімдемелерден кейін барған. Динара Сәтжан желідегі дауға жауап ретінде видео түсіріп, сөз таластырудың орнына мәселені заң аясында шешуді жөн көргенін жеткізді.

Ол Қазақстанда сөз бостандығы әр азаматтың Конституциямен бекітілген құқығы екенін атап өтті. Алайда мұндай құқық айтылған сөзге жауап бермеуге немесе өзге адамды еш негізсіз қорлауға мүмкіндік бермейтінін еске салды.

Біз сөз бостандығы Конституциямен кепілдендірілген мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Бұл – шын мәнінде үлкен құндылық. Алайда кез келген құндылық саналы көзқарасты талап етеді. Өйткені сөз бостандығы – ойыңды ашық айту мүмкіндігі ғана емес, айтқан сөзің үшін жауап беру”, – деп жазды ол.

Динара Сәтжан кез келген адамның сөз бостандығы өзгенің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірген жерде аяқталатынын айтты. Сондықтан ол әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемелерді елеусіз қалдырмай, өз құқығын сот арқылы қорғау туралы шешім қабылдаған.

”Бір ай бұрын Ақтөбедегі әлгі “емшіні” сотқа бердім. Бүгін Астанада іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Демек кез келген дауды құқықтық алаңда шешуге болады әрі солай шешкен маңызды”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ медиапродюсер өзін қорғауға тырысуды жанжалқойлықпен шатастыруға болмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, өзін жақыннан танитын адамдар кек сақтамайтынын жақсы біледі. Дегенмен әлеуметтік желіде балағат сөзбен жауап қайтарып, көпшілік алдында дауласып отыру оның ұстанымына жат.

Осы себепті тележүргізуші Бағдагүлдің өзі айтқан сөздеріне әлеуметтік желіде емес, сот алдында жауап беруі қажет деп есептейді.

“Бағдагүл енді өз сөздері үшін TikTok-та емес, сотта жауап береді”, – деп жазды Динара Сәтжан.

Қазір іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Тележүргізуші алғашқы отырыстың нақты қалай өткені және қарсы тараптың қандай ұстаным білдіргені туралы әзірге толық мәлімет жарияламады.

Динара Сәтжан сотта өз мүддесін қорғап жүрген адвокаты Рена Керимоваға да алғыс айтты. Ол заңгердің кәсібилігі мен қолдауының арқасында бұл процеске сабырмен қарап отырғанын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова ақтөбелік “TikTok-емшіні” тексеруді талап еткені хабарланған еді. Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Алайда кейінгі уақытта оның тікелей эфирдегі мәлімдемелері көпшілік арасында дау тудырып жүр. Соңғы дауға тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты айтқан сөздері себеп болды.

Осыдан кейін Динара Сәтжан емшінің қызметі мен табысына қатысты бірқатар сұрақ көтерген. Ол “ақылы бата” үшін түскен қаржы қайда аударылатынын, емшінің салық төлейтін-төлемейтінін, адам емдеуге лицензиясы бар-жоғын анықтауды сұраған.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 17:10