Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін #НемолчиKZ қоры жойылу алдында тұр
Зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін #НемолчиKZ қоры Instagram желісінде қазақстандықтарға үндеу жасап, жабылу алдында тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: nemolchikz_official
Қор Ішкі істер министрлігінің тексерісіне қарамастан бір жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын хабарлады.
"Қазір қордың барлық карталары блокталған! Бізде PayPal жүйесіне кіру мүмкіндігі жоқ! Қазақстан мен Грузияның карталары жабылды! Қараша айынан бастап Черногория карталары бұғатталды", – делінген үндеуде.
2024 жылдың ішінде қор 20 мыңнан астам өтінішті қабылдап, телефон арқылы тегін кеңес берді. Сондай-ақ 1,5 мыңнан астам істі полицияның әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесіне тапсырды. Ол істер бойынша полициямен бірлесіп жұмыс істеді.
"Тек 2024 жылдың өзінде аса ауыр қылмыс жасаған 41 қылмыскер сотталды. Оның 32-сі балалар мен әйелдерді өлтіріп, зорлағаны үшін сотталғандар", – деді қор.
Енді қор өзінің бюджетін кем дегенде бірнеше ай қамтамасыз ете алатын меценаттарды іздеп жатыр.
Қорға ай сайын 5 миллион теңге қажет.
Дина Таңсәрінің #НемолчиKZ қоры полицейлер мен Ішкі істер министрлігін зорлық-зомбылық жағдайларында дұрыс әрекет етпегені үшін жиі сынға алады.
Ұйым өткен жылы алаяқтық және қазақстандықтардың қорға аударған ақшасын жымқырды деген айыппен Таңсәріге қарсы алты қылмыстық іс қозғалған соң, қысымға ұшырады. Таңсәрінің аккаунттары бұғатталып, оған жергілікті және халықаралық іздеу жарияланған.