Жұмыс беруші қызметкерді вакцина салдырудан бас тартқаны үшін жұмыстан шығара ала ма?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс беруші қызметкері вакцинациядан бас тартқан жағдайда оны жұмыстан шығара алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еңбек министрлігі вакцинация әр адамның өз еркі екенін және жұмыс беруші вакцина салдырмағаны үшін қызметкерін жұмыстан шығаруға, кемсітуге құқы жоқ екенін айтты.
“Қазақстан Республикасының "Адамдардың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцинация тек вакцинацияланатын адамның келісімімен жүзеге асырылады. Вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген. Жұмыс беруші қызметкерді вакцина салудан бас тартуына байланысты жұмыстан шығаруға құқығы жоқ, – деп атап өтті еңбек министрлігі.
- Pfizer компаниясы вирустан қорғану үшін вакцинаның үш дозасын салу керектігін мәлімдеді
- Денсаулық сақтау басқармасы: Вакцина салғызбайтын анықтама алу үшін аллергия бар деп айту жеткіліксіз
Қызметкерлер өздерінің еңбек құқықтарын қорғау үшін жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің еңбек инспекциясы жөніндегі дирекциясына өтініш беруге құқылы.
Еске салсақ, ҚР премьер- министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов кейбір ұйымдардың қызметкерлері міндетті вакцинациядан өтуі керек екенін айтты.
Ол міндетті вакцинация азаматтардың барлығына қатысы болмағандықтан, олардың құқығы шектелмегенін алға тартты. Сондықтан азаматтардың барлығына емес, қызмет көрсету саласының жұмыскерлері ғана вакцина салдыруға міндеттеледі.