"Жұлыны үзіліп, бел-омыртқасы сынған": Бағлан Әбдірайымов асылтұқымды сәйгүлігінен айырылып қалды
“Жігіттер” тобының әншісі, актер, продюсер Бағлан Әбдірайымов сәйгүлігінен айырылып, кезінде көзі түскен кәсіпкерге сатып жібермегеніне өкінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/baglan_abdraimov_official/
Өнер иесінің асылтұқымды жылқысы биік жардан құлап кеткен.
“Атам марқұмның ақбоз айғыры болған. Ол кезде баламын. Облыс әкімшілігінің қызметкерлері қымбат дүние мен қосымша ақша ұсынып, ақбоз атқа сауда берді. Атам келіспей, атты бермейді. Үш күн өтпей ақырға ұялап өліп қалды. Бұл оқиғадан сабақ алғанмын. Қатты назар ауғанда саудасы келеді, беру керек. Сол секілді, біздің де жануарға елдер баға берді. Тікелей кездесіп, сөйлеспеген соң сататын ниет білдірмедім. "Zero QARYZ" киносына қаражаттан қиналған сәтте, әлгі адамдар ұсынған баға еске түсе беретін. Бірақ, бұлай боларын кім ойлаған… Атамның басынан өткен оқиғаны қалайша естен шығарып алдым?", – деп өкініш білдірді әнші.
-
"Еңсесі түсіп кетті": Бағлан Әбдірайымов анасының денсаулығына алаңдайтынын жеткізді
-
"Апаттан абырой жинамайық": Бағлан Әбдірайымов су тасқынын әзілге айналдырғандарға ашуланды
Сонымен қатар өнер иесі қазақтың көз тию ұғымы да тегін емес екенін айтты.
“Ей, жануарым-ай...Жардан құлаған ғой. Бел-омыртқасы сынып кеткен. Талай жігіттің арманы болған ат еді. Қандай бағалар беріліп еді. Қимастық болып, сатпап едім. Ол кісілерге де, маған да бұйырмаған екен. Қаншама баптап, бір қазан ет болып қалды. Үйірге жіберіп, биеге асылып, мінез шығарып жүргеніне балаша қуандық. Үйір қайыратын айғырдың әдеті емес пе?! Айдаладағы айғырдан үйірді қызғанып, жарды көрмей қалған. Жұлыны сол жерде үзілген. Намысты жануар қанша тұруға талпынса да, артқы аяқтары қозғалмай жатты. Тек алдыңғы аяғымен жер тепсініп, пырылдап, ызамен жатты. Қандай жануар болса да бір қазан ет болды. Саудасы бітті. Айтпағым: "Көз – жылқыны қазанға, адамды қабірге салады" деген, тіл - көзден аман болайық! Арты кино болсын!", – деп жазды өнер өкілі.
Еске салайық, әнші екі аяғынан айырылған азаматқа көлігін сыйлағанын жазған едік.