Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист Баянның фильмі жайында: Киемен ойнауға болмайтынын, киенің ұратынын ойлау керек еді

Қаламгер Анар Төлеуханқызы Төлеухан желідегі парақшасында «Қайнар Олжайға хат» жариялап, “Қозы көрпеш Баян сұлу” фильміне қатысты пікір білдіруін өтінген. Осыған байланысты журналист, “Қазақстан”ұлттық арнасының бас редакторы Қайнар Олжай көптің сынына түскен фильм жайлы өз ойын айтты.

Бұл сериалдың шыға сала жұртшылықтың жаппай сын тезіне түсуі неден? Баянның түсіруінен бе? Қарин басқарған корпорацияның тапсырыс беруінен бе? Жоқ.
Заңнан. Қазіргі тәртіптен.

Наурыз айында шарт жасасып, желтоқсан айында алты сериалы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» өткізіп беру – осы жүйенің құрбаны болу. Иә, корпорация басшылығына келген Ерлан Қарин бұрын стратегиялық зерттеу саласының маманы ретінде тоғыз айда алты сериалы тарихи драма түсірудің мүмкін болмасын анықтап, алдымен жүйені өзгертуге ұмтылғанда қазіргі жағдайға тап болмас еді. Телевизия саласының маманы Баян Мақсатқызы (біздің шамалауымызша, бұл оның Мақсатқызы болып жүрген кезі) көп сериалы тарихи драма түсіріп, монтаждап, өткізуге тоғыз айдың аздық етерін түсіндіруі, киноға кіріспес бұрын бұған дейінгі тәртіпті өзгерту керектігін талап етуі керек еді. Жоқ, өкінішке орай олай болмады. «Баян Сұлудың» бірінші ащы сабағы осында жатыр, деп жазады Қайнар Олжай.

Сериал түсіру жұмысының дайындықсыз, немесе азғана дайындықпен ғана басталғаны даусыз. Сіз басқа түгіл, қой сойғанның өзіне (біз қой сойғанның мысалына киноның өзін талдағанда ораламыз әлі) дайындаласыз. Аяғын буатын жіп керек. Бауыздап, сойғанға өткір бәкі керек. Бәкіге қайрақ қажет. Бауыздау қанын шашыратпау үшін не шұқыр қазасыз, не ыдыс табасыз. Ішек-қарнын ақтару мен тазалауға да көлемді ыдыс әкелесіз. Оны тазалау үшін су жылытасыз. Тұз дайындап аласыз. Бас-сирақты үйтетін ошақты, қазіргі ықшам газ баллонын басындағы қондырғысымен әзірлейсіз. Мүшелеп, тұздалған етті кешкілік шыбын басылған соң іліп, сорғытып, кептіріп алатын керме ағаш та дайын болуы керек. Көрдіңіз бе, бір жұмыс – қой сою үшін қаншама қосалқы іс атқарылады. Ал, тарихи драманы тоғыз айда іске кірісу құжатынан істі атқару құжатына дейін орындап шығу – өте тәжірибелі, жыл сайын осындай іспен айналысқан, базасы мықты, мамандары шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін үлкен компанияның тірлігі еді. Баянның командасының оған лайық болмағанын бүгін бәрі айтып жатыр. Басты, бірінші қателік – асығыстықта. Екі жақ та «мемлекеттік тапсырыс» атты қалыптасқан жүйенің құрбаны болып кетті.

Екінші өкініш тура осы тарихи дастанның таңдалуында. Қаринды түсінеміз. Жаңадан келді, жарқ етіп көрінбек болды. Баянды түсінеміз. Баяғы «Қыз Жібектің» даңқын қайталамақ керек. Бірақ, аяғы қоғамдағы үлкен дауға ұрындырды. Неге? Мәселе – киеде!

Мұның алдында киносы сәтті болып әлемді шарлаған, ұлттық рухани сандықтағы алтын қазынаға айналған, қазір «Баян Сұлуды» түсіргендердің сорына бәрі содан салыстыру іздеген Қыз Жібектің оқиғасы да біздің жерімізде өткен. «Фархад пен Шырын», «Ләйлі-Мәжнүннен» гөрі жанға жақындығы содан. Қобыланды шауып өтетін Қараспан тауы да қазақ үшін киелі. Ал Алпамыс қазақ пен өзбекке ортақ.

Тарайды арғы атамыз алты арыстан,
Бірінен біреуіне салты ауысқан.
Қазақ боп, өзбек болып бөлінгенмен,
Біз барып қосыламыз Алпамыстан,- деп жыр жазған Қадыр Мырза Әли.

Қорқыт тіпті, түрік, түркімен, әзірбайжанға ортақ оғыз заманынан қалған мұра. Ал, «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» – тек қазақтың өзінікі. Киелі емей, немене!
Бірақ, сол Қыз Жібектің моласы жоқ. Жарайды, Жайыққа суға кетті делік. Төлегеннің моласы мында дегенді естімедік. Ал, Аягөз өңірінде Қозы мен Баянның ортақ зираты әлі тұр.

Жол түсіп ұрпақ, Таңсыққа барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген.
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде,
Бабаларыңның махаббаты көмілген…, – деп жазып кеткен Мұқағали. Киелі емей немене!

Ауылдағы қоңыр кеште жарықтық Ханымия әжеміз аңыз айтатын. Сол жырдың сарынымен. Бір-біріне талпынған екі тал, ортасында өскен қараған туралы айтатын. Екі тал – Қозы мен Баян, қараған – Қодар. Сұмдық әсерленетінбіз. Сол әсермен өстік. Сол әсерді арзан, рухани құндылығын айтып отырмыз, сериалға айырбастамас едік. Біз үшін бала кезде естіп, кинодағыдай көз алдымызда тұратын, өздері жылда көктейтін екі тал мен оларды бір-біріне жақындатпайтын қараған туралы көрініс қымбат. Киелі!

Демек, түсіру тобы, түсіру тобы ғана емес, идеядан монтажға дейінгі аралықтағы команда тәуекелге бармай тұрып, мықтап ойлануы керек еді. Киемен ойнауға болмайтынын. Кие ұрып жығатынын. Жырда ғана емес, бүгінгі өмірде де.

Үзенгі үстіндегі сөз: Енді жадының жаңғыруы жайында, одан әрі көпшілік күтіп отырған нақ біздің, Қайнар Олжайдың, корпорация құрамындағы «Қазақстан»Ұлттық арнасының бас редакторының, Көркемдік кеңес мүшесінің осы оқиғаға қатысы туралы айтамыз.

Тағы да оқыңыз:

Маған қоқан-лоққы жасап жатыр: Меруерт Түсіпбаева Баян мен Бағымды сотқа бермек

“Қозы мен Баян” телехикаясын сынаған журналист Баян Мақсатқызының әкесіне жауап берді

Димаш Құдайберген әлемдік турнесін тоқтатып үйіне оралды (видео)

Талқылау