Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"7 балл болса, бәрі қирайды": Алматылықтар салынып біткеніне бір жыл ғана болған үйлерінде үлкен жарықтар пайда болғанын айтып шағымданды

23 қаңтарға қараған түні Алматыда жер сілкінді. Тербелістен соң біраз үйде жарықшақ пайда болған. Мұны мегаполис тұрғындары жарыса айтып, жазып жатыр. Stan.kz ақпарат агенттігі тұрғындардың шағымын тыңдап, құрылыс маманынан кеңес сұрады.

Тұрғындар жіберген фотолардан коллаж

Тұрғындар неге наразы?

Әлеуметтік желіге кіре қалсаң, біразы 5 балдық жер сілкінісінен соң үй қабырғасында сызат пайда болғанын айтып жатыр. Солардың бірі – Нұркентте тұратын Рафаэль. Ол тұрып жатқан үй 2016 жылы салынған, ал 2017-де оны өзі жөндеген. Жер сілкінген соң басқа көршілері секілді үйінің қабырғаларын тексерсе, бұрын болған кішкентай жарықшақ үлкейіпті.

“Тұсқағаз бұрын сәл ашылып қалған еді. Соны аздап ашып қарасам, бұрынғы жарылған жері үлкейіп кетіпті. Бұны жер сілкінісінен соң байқап тұрмын. Енді не істерімді білмеймін. Дәл қазір жөндей алмаймыз ғой. Пәтер иелерінің кооперативіне хабарласқанымда шағымдануға болатын жердің мекенжайын берген. Оларға хабарласуға уақыт болмай кетті,” – дейді Алматы тұрғыны.

Алматы тұрғыны жіберген фото

Алматының тағы бір тұрғыны Наргиза өзі тұратын үйдің кіреберісінен жарықшақ байқапты. Сөзінше, үй 2022 жылы салынған.

“Сілкіністен соң көзілдірігімді тағып, үйдің ішін жақсылап қарап шықтым. Қабырға жарылған жоқ. Тек дәлізде баспалдақ тұрған жердің қабырғасы жарылған. Әсіресе, 3-4-5-қабаттардың бәрінде жарықшақ бар. Екінші және бірінші қабаттан сызат байқалмады. Өзі 6 қабатты үй. Аласа әрі ең кейінгі салынған үйдің өзінде әр қабаттың дәлізінде жарықшақ бар. Қорқа бастадым”, – деді ол

Алматы тұрғыны жіберген фото

Қабырғадағы сызаттар тек үйлерден емес, әкімшілік ғимараттардан да байқалды. Мысалы, Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы бірнеше мектепте жарықшақтар пайда болған. Бұны Ұйғыр ауданы әкімдігі тексеріп жатқанын хабарлады. 

Видеодан мектептердің кейбірі кеңес үкіметі кезінде салынғанын байқауға болады. Алматы әкімдігінің қызметкерлері тұрғындар Алматының төтенше жағдайлар департаментіне, әр ауданның төтенше жағдайлар басқармасына жүгіне алады дейді. Сонымен қатар пәтер иелері кооперативі және меншік иелері қауымдастықтары тұрғындарға үйіндегі жарықшақтар туралы шағымды қалай беруге болатыны туралы ақпарат бөлісіп жатыр.

"Үйінде сызат пайда болған тұрғын төтенше жағдайлар басқармасына барғанда жарықшақтың фотосын ұсынуы керек. Кейін басқарма қызметкерлері үйге келіп, дефект туралы акт жасап, оған басқарма, аудан әкімдігі және қүрылыс салушы қол қояды", - делінген әр ауданның ТЖБ хабарламасында.

Дегенмен Алматы әкімдігі жер сілкінісінен бүлінген үйлер туралы нақты ақпарат бермеді. Ал тұрғындар төтенше жағдайлар басқармасынан ешкім келмеді, жағдайды сұрамады деп наразы. 



Алматы тұрғыны Айнұрдың айтуынша, басқармаға арнайы барып, сызат туралы ақпарат берсе де, еш өзгеріс жоқ. 

"Пәтерімді сатып алғаныма 6 айдай ғана болды. Жер сілкінісінен кейін қабырғаларда жарық пайда болғанын байқадым. Негізі бұл тұрғын үй кешенінің қолданысқа берілгеніне бір жылдан енді асты. Соған қарамастан үйлердің біразында, кіре берістерінде жарықтар көп. Зілзаладан біраз күн өтсе де, әлі бірде-бір адам келіп тексермеді. Наурызбай ауданының төтенше жағдайлар басқармасына ақпарат бердім. Тек фото-видео сұрады да, жағдайды жылы жауып қоя салды”, – дейді үй иесі.

Алматы тұрғыны жіберген фото

Айнұр мұндай жағдай өзінің үйінде ғана емес, кешеннің көп пәтерінде болғанын айтып отыр. Басқа да үй иелеріне тиісті орган дұрыс жауап бермеген екен.

“5 балдың өзінде осындай жарықтар пайда болды. Кейін жер бұдан да қатты сілкінсе, не болмақ? Тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниясы бұл жағдайды реттесін деп талап етеміз”, – деді Алматы тұрғыны.

Алматыдағы Медеу ауданы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері Еламан Есмағамбетовтың айтуынша, үйінен сызат байқаған тұрғындар “112-ге” хабарласуы керек. Кейіннен бұл ақпарат әр ауданның төтенше жағдайлар басқармасына жіберіледі. Басқарма тұрғындардың үйіне барып, сызатты тіркейді, акт толтырады.

Оның сөзінше, үй-үйді аралау кеше басталған.

“Егер әлі келмесе, онда үлгермей жатқан болуы мүмкін. Мысалы, Медеу ауданы бойынша қазір барлығы 47 үйде жарықшақ пайда болғаны анықталды. Комиссия үйлерді аралап көруге кешеден бастап шықты. Бұл жұмыс 1-2 күнде бітпейді”, – дейді ол.

Ал Әуезов аудандық төтенше жағдайлар басқармасына 10 шақты мектеп әкімшілігі ғимарат қабырғасында жарықшақ пайда болғанын хабарлаған. Бірақ аудандық комиссия оның біразы бұрынғы сызаттар екенін анықтап отыр.

Наурызбай ауданының төтенше жағдайлар басқармасы жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Сондай-ақ Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінен жарықшақ пайда болған үйлерде жөндеу жұмыстары қашан басталатынын нақтыламақ болып едік әзірге жауап бере алмайтындарын айтты. 

Жер сілкінісінен соң үйінде сызат пайда болған тұрғындар Алматының төтенше жағдайлар департаментіне мына нөмірлер арқылы хабарласа алады. Сілтемеде әр ауданның басқармасының нөмірлері де көрсетілген.

Жер сілкінісінен үйдің қабырғасы жарылуы қалыпты ма?

Осы тұста 30-40 жыл құрылыс саласында жұмыс істеген маман егер Алматыда 7 балдық жер сілкінісі болса, қаладағы біраз құрылыс қирап түсетінін айтты. 

“Социализм кезінде Алматыда биік үй салуға тыйым салатын. Бұл жағын қатты бақылауда ұстайтын. Саин көшесінің бойында 9 қабатты үйлер бар. Ең алғаш салынған сапасы жақсы биік үйлер – солар. Оны да ұзақ уақыт ойланып, әбден тексеріп, дайындады. Олар қабырғасының бәрі бетоннан құйылған монолитті үйлер, мықты келеді. Ал 25 қабатты Қазақстан қонақүйін салған кезде жапондардың тәсілін пайдаландық. Іргетасына дейін сол елдің тәжірибесі қолданылды. Іргетастан кейін құрылысты көтергенде де бірнеше рет сараптама жасап, әбден сынап көрді. Ол Қазақстандағы алғашқы биік ғимарат еді. Мен айтып жатқан бұл үйдің бәрі жер сілкінісінің 8-9 балдық қуатына есептелген”, – дейді атын атамауды өтінген құрылысшы.

Маманның сөзінше, қазіргі үйлердің көбі “каркасты темірбетон”. Каркасын салып, төбесін көтереді, ортасындағы қабатаралық панельдерді қойып кетеді.

Фото: pixels.com

“Оның бәрі монолиттен. Сосын ортасына, қабырғаларына біреу кірпіш, біреу пенобетон, ал кейбірі гипсоблок құйып, қалап шыға береді. Егер оның бәрі қимылдаса, шашылып түседі. Ал кешегі жер сілкінісінің күші 5 балл болып, біраз жерде сызат пайда болды.

Қазір барлық үйді жеке компаниялар салады. Бұл – үлкен бизнес. Біріншіден, жерін қымбатқа алады. Сондықтан көп үй салып тастауға тырысады. Ол үшін үйдің қабатын көбейтіп, жоғарыға қарай көтере береді. Кішкентай жерден көп үй шығаруға тырысады. Таза капитал билеп тұрғанда мемлекеттің қызығушылығы мен бақылауы төмен. Оның үстіне құрылыс заңы мен нормасы сақталмайды. Жемқорлық бүкіл жерді жайлаған соң қалай болса, солай салып жатыр. Мысалы, 12 қабат үй салынғанда, оның биіктігі 36-40 метр болады. Бірақ Алматыда 40 метрге дейін ештеңе салынбауы керек . Ол құламаса да, жан-жағында жер қалуы керек”, – дейді ол.

Құрылысшының сөзінше, Алматыдағы үйлердің жер сілкінісіне шыдамау себебі:

  • Құрылыс жобалары тексерістен өтпейді
  • Құрылысқа рұқсат алмай жатып салуды заңсыз бастап кетеді.
  • Үй салып жатқанда құрылыстың технологиясын сақтамайды. (Мысалы, тоқтатып тастап, қайта бастау, сапасыз материалдарды қолдану және т.б.)

“Алматыда құрылысты тоқтату керек. Қаланы үлкейтпеу керек. Себебі өте апатты жағдайда тұр. Барлық инфратструктура 60-70 жылдары салынған. Біз қазір мина даласында жүрміз. Кеңес үкіметі кезінде салынған инфраструктура қазір кез келген уақытта апат болуы мүмкін. Бұл өте қауіпті. 5 балдың өзіне қаладағы құрылыс сыр берді. Құдай сақтасын, бірақ 7-7,5 балдық жер сілкінісі болса, бәрі шашылып түседі. Біз бұл жағдайдан үлкен сабақ алуымыз керек”, – деді маман.

Сонымен қатар құрылысшы үйінде жарықшақ пайда болған тұрғындарға әзірше жөндеу жасаумауды кеңес етті. Бәрінен бұрын жарықшақты әкімдік пен компанияға көрсетіп, тіркеткен дұрыс.

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сай, алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 

 

Талқылау