4 пайыздық автонесиені төрт банк арқылы рәсімдеуге болады
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасын іске асыру үшін төрт банк несие береді. Сондай-ақ бір азамат несиені екі жылда бір рет қана рәсімдей алады. Бұл тураы "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди брифинг барысында айтып өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Жеңілдетілген автонесиенің сыйақы мөлшері – 4 пайыз, қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды. Несие көлемі 10 млн теңге болады, яғни Қазақстанда шығарылған көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна көзделмеген. Дегенмен автокөліктің құны 10 млн теңгеден асатын болса, несиеге өтініш білдіруші азамат жетіспейтін ақшаны өз қаражаты есебінен толтырады", – деді акционерлік қоғам өкілі.
Оның сөзінше, қазір бұл бағдарламаға қатысатын 4 банк таңдап алынған. Олар: "Халық банк", "Банк ЦентрКредит", "Форте банк" және Еуразиялық банк".
- Жеңілдетілген көлік несиесі: Автосалондарда көлік жоқ, ал адамдар кезекте тұр
- Қазақстанда көлік құны неге қымбаттап барады? Вице-премьер түсіндірді
"Банктер қатары әлі де кеңеюі мүмкін. Қазір өнеркәсіпті дамыту қоры басқа банктердің де өтініштерін қарастырып жатыр. Ол өтініштер мақұлданса, банктер саны көбейеді. Бұл бағдарламаның ерекшелігі бар. Неғұрлым көп адам алу үшін бір азамат мұндай несиені 2 жылда бір-ақ рет рәсімдей алады", – деді Ғалымжан Әди.