Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жемқор екеніміз әлемге аян": Танымал қазақстандықтар "Бораттың" жалғасына қатысты қандай пікір қалдырды

Қазан айының соңында Борат фильмінің екінші бөлімі шығады. "Борат-2"-нің релизіне бір ай қалғанда трейлері жарық көріп, бүкіл қазақ елін тағы шулатты. Қоғам белсенділері фильмнің көрсетілуіне қарсы петиция жариялап жатыр. Stan.kz тілшісі режиссер-сценаристердің пікірін тыңдады. 

Блогер, актер-сценарист Ақарыс Әділжан "Боратқа" көңіл аударудың қажеті жоқ дейді. Біздің қарсы шығып бас көтеруіміз киноны түсірушілердің бір жоспары болуы мүмкін екен. 

"Өзім бұл фильмге ешқандай реакция білдірмес едім. "Қазақтарды жамандап жатыр" деп атой салған сайын олардың ойлаған жоспарлары іске асып жатыр деп ойлаймын. Олардың басты пиары да осы. Қазір бүкіл блогерлер, белсенділер көтеріліп қарсы шығып, петицияға қол жинап жатыр. Мен де қолымды қойдым. Бірақ олар мұндай реакцияның боларын білді, алдын ала ойластырып қойды. Және осыны көздеп отыр. Сондықтан "Бораттың" арандатуына түсіп қалмай, өз ісімізді ары қарай жалғастыруымыз керек. Ол фильмде туымызды жыртып, жерімізге келіп түсіріп жатқан ештеңе жоқ, тек сөзбен бізді арандатып жатыр. Сөзге ермей, іспен өзіміздің кім екенімізді көрсетуіміз керек. Фильмді қалай тоқтатамыз емес, алға қарай қалай жылжиыз дегенді ойлау керек", - дейді ол. 

Жас буынның бұл пікіріне аға буын өкілі, режиссер Еркін Рақышев келісе қоймасы анық. Оның пікірінше, Борат - барып тұрған бассыздық, ұлт абыройына сызат. 

"Әр саналы қазақтың ашу ызасын туғызатын фильм. Себебі, бұл жерде қазақ ұлтын қорлап, мазақтап, қаралап, ұлтымыздың ар-намысын аяққа таптап отырған кино. Сондықтан өре түрегіліп, халық болып қарсы шығуымыз керек", - дейді Еркін Рақышев.

Оның айтуынша, фильмнің Қазақстанның қазіргі өміріне қатысы жоқ болса да қарсы шығып, өз позициямызды көрсетуіміз керек. 

"Өз қарсылығымызды білдірсек те, білдірмесек те бұл фильмнің жарнамасы басқа да әлемдік жұлдыздармен жасалып жатыр. Бұл фильмге үлкен қаржы жұмсалған. Одан кейін біз өз қарсылығымызды білдіріп, тоқтатуға әрекеттенбесек, мұндай кинолар жалғаса береді. Оның арты Қазақстан азаматтары үшін қиындық туғызады. Бірінші кино шыққанда шет елдегі қазақ жастарына өте қиын болды. Қазақстаннанмын деп айтуға ұялатын жағдайлар болғанын ұмытқан жоқпыз", - дейді ол.

Бұл киноға неге дәл бізді, қазақтарды, араластырып отыр, бұл кімге тиімді болды деген сұраққа  режиссердің жауабы дайын. 

"Борат-2 фильмінің шығуы ең бірінші біздің өкіметке тиімді. Неге десеңіз, қазір биліктің ойлайтыны бір-ақ нәрсе: алда болатын сайлауда халық назарын қалай басқа жаққа аударсақ. Осы жылдың соңына дейін парламент мәжілісінің сайлауы болады. Сол үшін халық назарын басқаға аударуды ойлап отыр. Меніңше, бұл фильмнің шығуына өкімет тапсырма берген. Себебі бұлардан бәрін күтуге болады", - деген режиссер қателесуі де мүмкін екенін айтты. 


Отандық фильмдер мен телебағдарламалардың сценарисі әрі редакторы Перизат Мырзахмет те Борат фильміне қатысты пікір айтуда шетте қалмады. Өзінің айтуынша, бұл фильмде қазақ бас ауыртатын ештеңе жоқ. 

"Қашан сауат ашасыздар? "Бөкеңнің" біріншісінде де, екіншісінде де қазаққа қатысты түк жоқ. Атауымыз бен символдарымызды алғаны болмаса, ішінде бір дәстүр, бір сөз, бір жер, бір адам қазақтан емес. "Шегіп алып" жазған қиял ғана. Соған бола жүйке жұқартып, шаш ағартасыздар ма? Салдармен күреспей, себеппен алысу маңызды. Жемқор екеніміз әлемге аян. Бос мақтанға семірген желбуаз ел екенімізді алты құрлық біледі. Қуыршақ көсемдер, олардың артына сабынсыз кіріп-шығып жүрген шешендер және өзін-өзі қор санап, болашағын ойламайтын халықтың еліміз. Қашан осыны жеңсек, айтпады демеңдер, қазақтың айы оңынан туады", - дейді Перизат.

Жалған намысты қойып, нақты істе өзін көрсетіп, жемқорлықты жеңген күні-ақ өзге елдердің бұлай басынуына себеп қалмайды дейді редактор-сценарист. Перизат Боратқа қарсы шығып, петицияға қол жинап жүргендерге біраз дамылдауға кеңес берді. 

"Сіздердің тоқымды бауырға алып тулауларыңызға бір ғана себеп - бірыңғай ұлттық комплекс. “Мені неге мақтамайсыңдар” деген есі кірмеген, памперс шешпеген баланың тірлігі. Инстада шулап, туиттерде тулағанша, үйіміздің айналасын боқтан тазалап үйренейік. Сонда мақтайтын да, жақтайтын да табылады. Атам қазақ аттың үстінде отырып осынша мұра қалдырды. Қазіргі буын джиптің ішіне кірсе де, боқ бітірген жоқ. Сондықтан даңғазадан дамылдаңыздар", - дейді Перизат Мырзахмет. 

Айта кетейік, белсенділер британдық әзіл-сықақшы Саша Барон Коэннің "Борат-2" фильміне бойкот жариялауға шақырған петиция бастады. Петицияны Ұлыбритания азаматшасы, қандасымыз Лола Асқарова көтерді. 

"Мен британдықпын, бірақ мен қазақпын. Біздің елге келгендер Қазақстанның әдемі ел екенін біледі, ал қазақтар өздерінің қонақжайлылығымен танымал. Мұнда 100-ден астам ұлт бейбіт өмір сүреді, ал тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстан соғыстан қашқандарға пана болған. Қазақтар өте білімді және бүкіл әлемде тұрады. Коэн мырза екі рет бай мәдени мұрамызды алдымен Боратта, енді Борат-2 киносында мазақ етті", - деді ол петицияны бастау себептері туралы.

 

 

Талқылау