Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанжалдың бәрі әйелдердің тілі ұзын болғанынан шығады – Депутат тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын таныстыру барысында жанжалдың шығуына әйелдің тікелей себепкер екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: parlam.kz

Бұл ретте ол заң жобасына қатысты әріптестерінің барлық ұсынысымен келісетінін түсіндірді.



"Әйелге ең жаман еркектер ғана қол көтереді. Бірақ барлық жанжал ұрып-соғу мен төбелестен туындамайды. Еркектерді де түсіну керек. Жанжал неден басталады? Әрине, әйелдің тілі ұзын болғандықтан. Әйелдер мені кешірсін, бірақ мұндай фактілер де бар. Қазақта мынадай жақсы мақал бар: "Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс" дейді. Сондай-ақ "Ерге жақсы әйел – елге де жақсы" дейді. Өкініштісі, барлығымыз қазақы тәрбиеден алшақтап жатырмыз", – деді Анас Баққожаев.

Депутат қыздарды мектептен бастап тәрбиелеуге шақырды. 

Сондай-ақ жиында журналистер ішкі істер вице-министрі Игорь Лепехадан бұл мәселеге қатысты құқық қорғау органдарының ұстанымы қандай екенін сұрады.

"Тіпті әйелдікі дұрыс болмаса да, физикалық емес, басқа жолдар арқылы шешуге болады. Қандай себеп болғанына қарамастан, егер ол жарақаттанса, кінәлі адам жауап беруге тиіс. Кімнің кінәлі екенінде қандай айырмашылық бар. Қылмыс жасалса, қылмыскер жауапқа тартылуы керек", – деді Игорь Лепеха.

Айта кетейік, бұған дейін Асхат Аймағамбетов әйелін ұрып-соққандардың жазасы қатаңдатылатынын айтқан еді. Адам денсаулығына жеңіл зиян келтіргендер немесе соққыға жығатындар енді әкімшілік жазамен құтылып кете алмайды. Олар қылмыстық жауапқа тартылады.

Талқылау