Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында 500-ден аса педагогтің жеке дерегі интернетке тарап кеткен

мұғалім
Фото: magnific.com

Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымында жұмыс істейтін 529 қызметкердің жеке мәліметтері мемлекеттік сатып алу порталында ашық жарияланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қызылорда облысының прокуратурасының мәліметінше, Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымының 529 қызметкерінің жеке деректері мемлекеттік сатып алу порталында ашық жарияланған.

"Шиелі аудандық прокуратурасы тексеру барысында білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жеке деректерін заңсыз жариялау деректерін анықтады. Мемлекеттік сатып алу порталында жеті білім беру ұйымының 529 қызметкеріне қатысты жеке мәліметтер ашық орналастырылған. Соның салдарынан олардың еңбек құқықтары бұзылған", – делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде аталған мәліметтер мемлекеттік сатып алу порталынан өшірілді.

Ал қызметкерлердің жеке деректерінің заңсыз жариялануына жол берген білім беру ұйымдарының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, бұған дейін 15 миллион қазақстандықтың дерегі даркнетте сатылымға шығып кеткені туралы жазған едік. shymzz13 лақап атындағы қолданушы файлды 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. Көлемі 2,7 ГБ болатын базада 47 миллион жол ақпарат бар. Оның ішінде төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың скан-көшірмелері және құпиясөздер қамтылғаны айтылған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 03 Қазан, 2026 14:15