Қазақстанда киберқауіп анықталған телефондар 48 сағаттан кейін бұғатталмақ
Қазақстанда интернетке қосылған құрылғыдан киберқауіп анықталған жағдайда абоненттің байланысын уақытша шектеу тәртібі енгізіледі. Жаңа талап 11 қазаннан бастап күшіне енеді. Оператор алдымен азаматқа SMS арқылы ескерту жіберіп, мәселені жоюға 48 сағат уақыт береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Егер осы мерзім ішінде құрылғыдағы қауіп жойылмаса, интернет қызметі уақытша өшірілуі мүмкін. Бұл талап смартфондарға ғана емес, интернетке қосылатын компьютер, теледидар және басқа да ақылды құрылғыларға қатысты.
Мұндай шектеуге құрылғыға вирус жұғуы немесе оның киберқылмыскерлердің бақылауындағы "ботнет" желісіне қосылуы себеп болуы мүмкін. Бұл жағдайда құрылғы иесі өзі байқамай-ақ, өзге сайттарға жаппай шабуыл жасауға пайдаланылуы ықтимал.
Мамандардың айтуынша, қауіптің алдын алу үшін құрылғылардың бағдарламалық жасақтамасын уақытылы жаңартып, күрделі құпиясөз қолдану қажет. Сондай-ақ күмәнді сілтемелер мен белгісіз файлдарды ашпаған жөн.
Киберқауіпсіздік маманы Гүлдана Жұматайдың айтуынша, құрылғыдан зиянды бағдарламаны жою үшін кей жағдайда оның жадын тазалап, зауыттық баптауларға қайтаруға тура келеді.
"Құрылғымыздың жадын тазарту және зауыттық баптауларына дейін түсіру керек. Кейін телефонды интернетке қайта қосқаннан кейін оператор құрылғыдан күдікті трафик шықпай жатқанын көрсе, оны карантиннен шығарады", – деді Гүлдана Жұматай.
Маманның айтуынша, Android және iPhone құрылғыларына арналған антивирустық және киберқауіпсіздік шешімдері бар. Олардың ішінде тегін ресурстар да жеткілікті. Кибергигиена ережелері туралы ақпаратты eGov Mobile қосымшасынан да табуға болады.
Егер абонент SMS арқылы келген ескертуден кейін 48 сағат ішінде құрылғыдағы мәселені жойса, байланыс қызметі шектелмейді. Ал қауіп сақталған жағдайда оператор интернетті уақытша өшіруі мүмкін.
Құрылғыдағы ақау жойылып, оның қауіпсіз екені тексерілгеннен кейін байланыс қайта қосылады. Қызметтің нақты қашан қалпына келтірілетіні тексеру процесіне байланысты болады.
Еске салайық, бұған дейін 15 миллион қазақстандықтың дерегі даркнетте сатылымға шығып кеткені туралы жазған едік. shymzz13 лақап атындағы қолданушы файлды 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. Көлемі 2,7 ГБ болатын базада 47 миллион жол ақпарат бар. Оның ішінде төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың скан-көшірмелері және құпиясөздер қамтылғаны айтылған.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы
