Әкесі қызын фастфудтан тыймақ болып, ішін "құрт толғандай" етіп көрсеткен
Үндістанда әкесінің қызын зиянды тағамнан тыймақ болған әрекеті әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Ер адам қызына жалған "УДЗ" жасап, ішіндегі құрттарды көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ndtv.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеода әкесі компьютерге жалғанған тінтуірді сканер ретінде пайдаланып, оны қызының ішінің үстімен жүргізеді. Ал ноутбук экранында баланың асқазанында құрттар бар сияқты көрінеді. Әкесі олардың фастфуд жеуден пайда болғанын меңзейді.
Бұдан қорыққан қыз жылап, анасына қарай жүгірген. Кейін ол енді зиянды тағам жемеймін деп уәде берген.
Видео әлеуметтік желі қолданушыларын екіге бөлді. Бірі бұл әдісті ерекше әрі әсерлі тәсіл деп бағаласа, енді бірі баланы әдейі қорқыту дұрыс емес екенін айтты. Кейбір қолданушылар мұндай әрекет баланың психикасына әсер етіп, ересектерге деген сенімін әлсіретуі мүмкін екенін жазды.
"Кейін балалардың өтірік айтқанына таңғаламыз. Олар мұны кімнен үйренді?" – деп пікір білдірді қолданушылардың бірі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мектеп асханаларында фастфуд сатуға шектеу қойылғанын жазған едік. Талаптарды бұзған кәсіпкерлерге 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынған еді. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке балаларға бағытталған фастфудтың агрессивті жарнамасына қатысты мәселені қарастыруды тапсырған. Мемлекет басшысы мұндай жарнаманың балалар арасында зиянды тамақтану әдеттерін қалыптастыруы мүмкін екенін атап өткен.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы
