Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5 мың теңге салыңыз, әйтпесе жазбаймыз": Қазақстанда кей стоматологиялар қабылдауға алдын ала төлем талап ете бастаған

стоматолог
Фото: magnific.com

Астанада балаға ортодонт іздеген тұрғыннан стоматология қабылдауға жазылу үшін 5 мың теңге алдын ала төлем сұраған. Клиника пациент келмей қалған жағдайда бұл қаражаттың қайтарылмайтынын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Астаналық журналист Гүлбану Әбенова ұлын ортодонтқа жаздырмақ болғанда, стоматологиялық клиникалардың бірінде күтпеген талапқа тап болғанын айтты. Оның сөзінше, қабылдауға жазылу үшін алдын ала 5 мың теңге төлеу қажет болған. Ал пациент белгіленген уақытта келмей қалса, бұл ақша қайтарылмайтыны ескертілген.

“5 мың теңге салыңыз, әйтпесе жазбаймыз. Қабылдауға жазылу 18 қазанға ғана бар екен. Яғни үш аптаға жуық күту керек. Ал кезекке жай ғана жазылу үшін алдын ала 5 мың теңге аудару қажет. Оның үстіне, бірден “Егер қызмет көрсетілмесе де, алдын ала төленген ақша қайтарылмайды” деп ескертеді", – деп жазды Гүлбану Әбенова.

Журналист стоматологиялық қызметтердің қымбаттығына халықтың үйреніп кеткенін, алайда көрсетілмеген қызмет үшін алдын ала төлемнің қайтарылмайтыны түсініксіз екенін атап өтті.

"Біз енді кезегімізді жиырма күн күту құқығы үшін де ақша төлеуіміз керек пе? Егер пациент қабылдауға келмесе, тіпті алдын ала ескерткен болса да, 5 мың теңге автоматты түрде “қайтарылмайтын” ақшаға айналады", – деп жазды ол.

Осы жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Тұрғындар дәрігерге жазылу үшін бірнеше мың теңге төлеп, кейін қабылдауға бармаған жағдайда ақшадан айырылу қаншалықты заңды екенін сұрайды.

Стоматологиялық клиникалар алдын ала төлемді пациенттердің қабылдауға келуін қамтамасыз етудің бір тәсілі ретінде түсіндіреді. Алайда әдеттегі кеңес алу үшін мұндай төлем көп жағдайда алынбайды. Ал алдын ала төлем емдеу жоспары жасалып, қабылдау ұзақ уақытты алатын кезде талап етілуі мүмкін.

Мұндай тәжірибе мейрамхана мен сұлулық саласында да бар. Дегенмен кәсіпкерлердің өздері де алдын ала төлем клиенттің келмей қалуынан толық қорғамайтынын айтады.

"Біздің салонда мұндай тәжірибе болған. Бірақ оның бізге аса қолайлы емес екенін түсіндік. Себебі алдын ала төлем маманның уақытын 100 пайыз сақтап қалуға кепілдік бермейді. Егер біз нақты шығынға ұшырамасақ, алдын ала төлемді қайтаруға міндеттіміз. Клиенттердің келмей қалу мәселесін тек ақшамен шешу мүмкін емес, бұл жерде өзара құрмет маңызды", – деді салон иесі Виктория Калинина.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымының өкілдері де клиенттен алынған ақшаны кез келген жағдайда ұстап қалуға болмайтынын айтады.

"Егер алдын ала алынған ақша ешқайда жұмсалмай, тек бронь үшін ұсталып тұрса, бұл заңсыз болады. Төлем кейін көрсетілетін нақты қызметтің құнына есептелуі керек. Тек орын брондағаны үшін ақша алу дұрыс емес", – деді Қостанай облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау одағының төрайымы Ольга Березуцкая.

Маманның айтуынша, егер мейрамхана клиенттің тапсырысына арнайы өнімдер алып, нақты шығынға ұшыраса, тұтынушы сол шығынды өтеуге тиіс. Ал кәсіпкер нақты шығын шекпеген жағдайда, тек бронь үшін алынған ақшаны қайтаруды талап етуге болады. Сондықтан тұтынушыларға төлем жасағанын растайтын түбіртек пен кәсіпкермен жазысқан хаттарды сақтап, қажет болған жағдайда алдымен кәсіпкерге ресми шағым жолдау ұсынылады.

Еске салайық, бұған дейін шілде айында Түркістан облысында стоматологиялық клиникаға қатысты осындай схема анықталған еді. Үш тіс дәрігері жүйеге 43 мың жалған науқасты енгізіп, балалар мен жүкті әйелдерге қызмет көрсетілгендей көрсеткен. Соның салдарынан мемлекетке 203 миллион теңгеден астам шығын келген. Іс сотқа жолданған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 03 Қазан, 2026 11:50