Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Корея президентін Ұлттық күнімен құттықтады

Тоқаев пен Корея президенті
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Ұлттық күніне орай президент Ли Чжэ Меңге құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Ұлттық күніне орай Президент Ли Чжэ Меңге құттықтау жеделхатын жолдады.

Президент корей халқының бай тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық бірлігі мен ынтымағын ұлықтайтын айтулы күннің маңызына айрықша тоқталып, екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өткен.

"Жақында Сеулге жасаған сапар барысында екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Бұл шешім достық пен берік әріптестікке негізделген қазақ-корей ықпалдастығын халықтарымыздың игілігі үшін өрістете беретініне кәміл сенемін", – деп жазылған жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Чжэ Меңнің жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас корей халқына баянды өркендеу мен құт-береке тіледі.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулге мемлекеттік сапармен барғаны туралы жазған едік. Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары барысында президент Ли Чжэ Мең Қазақстанға генерал Хон Бом Доның сүйегін Кореяға қайтаруға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты. Ол корей халқы бұл тарихи әрі ізгі істі ұмытпайтынын және жоғары бағалайтынын жеткізді. Хон Бом Доның есімі Қазақстанда да ұлықталып, Қызылордадағы көшеге беріліп, мемориалдық кешен ашылған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 03 Қазан, 2026 14:38