Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Flydubai ұшағындағы шабуыл: Ұшқыш өмірі үшін күресіп, жолаушыларды қалай құтқарғанын айтты

Flydubai
Фото: theguardian.com

Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағында шабуылға ұшыраған үндістандық капитан Смит Маччхар ұшақ құлдилай бастағанын көріп, соңғы күшін жинап кабина есігін ашқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тheguardian.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағында шабуылға ұшыраған үндістандық ұшқыш Смит Маччхар ұшақты құтқару үшін соңғы күшін жинап, кабина есігін ашқанын айтты. Ол шабуыл кезінде өмірі үшін күрескенін және жолаушылардың тағдыры туралы ойлағанын жеткізді.

Абу-Дабидегі ауруханада ем қабылдап жатқан капитан Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен бейнебайланыс арқылы сөйлескен.

"Көп жарақат алғандықтан құлап қалдым. Сол кезде ұшақтың төмен қарай құлдилап бара жатқанын сездім. Сонда соңғы күшімді жинайтын сәт екенін түсіндім. Егер орнымнан тұра алмасам, жолаушылардың өміріне қауіп төнетінін білдім", – деді ұшқыш.

Оның айтуынша, Омандық екінші ұшқыш оған шабуыл жасап, кейін ұшақты күрт төмендеткен. Ұшақ бір минут ішінде шамамен 17 мың футқа төмендеген. Шабуылға қарамастан, Маччхар кабина есігін ашып үлгерген. Осыдан кейін бірнеше жолаушы кабинаға кіріп, шабуыл жасаған адамды тоқтатқан.

Кейін қосалқы экипаж ұшақты Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук қаласына қауіпсіз қондырған.

Шабуыл кезінде ауыр жарақат алған екі баланың әкесі Смит Маччхар авиация саласында 17 жылдық тәжірибесі болғанын айтты. Ол қиын сәтте индуизмдегі Хануманға арналған дұғаны Хануман Чалисаны оқығанын жеткізді.

"Хануман маған батылдық берді", – деді ол.

Айта кетейік, Хануман – индуизмдегі маймыл бейнесіндегі құдай әрі мифологиялық кейіпкер. Ол күштің, батылдықтың, адалдық пен ерліктің символы саналады.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди ұшқыштың әрекетін жоғары бағалап, оның үлкен трагедияның алдын алуға көмектескенін айтты.

Ал шабуыл жасаған Оман азаматы Сауд Арабиясында ұсталған. Қазір оқиғаның себептері мен оның ықтимал террористік ұйымдармен байланысы анықталып жатыр. Күдікті кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізіліп, тергеу сол жерде жалғасады.

Маччхар өз жағдайына қарамастан, қалпына келетініне сенімді екенін айтты.

"Мен мұны жарақат деп емес, өмір жолымның бір бөлігі деп қабылдаймын. Уақыт керек, бірақ толық қалпына келетініме өте сенімдімін", – дейді ұшқыш.

Еске сала кетейік, 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке ұшқан FlyDubai ұшағында екінші ұшқыш әріптесіне шабуыл жасап, ұшақты апатқа ұшыратуға әрекет жасады деген күдікке ілінді. Бортта 174 жолаушы болған. Жолаушылар мен экипаж мүшелері шабуылдаушыны залалсыздандырып, ұшақты Сауд Арабиясына шұғыл қондырған. Оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Айым Атамбаева
Сенбі, 03 Қазан, 2026 15:45