Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар тойды несие алып жасаудан бас тартып жатыр: 300 адамға қанша кетеді

үйлену той
Фото: magnific.com

Қазақстанда үйлену тойының құны бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін. Finprom.kz Алматыдағы бағаларды негізге алып, үйлену тойының үш нұсқасын есептеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Статистикаға сәйкес, Қазақстанда некеге тұратындар саны да азайып келеді. 2025 жылы елде шамамен 116 мың неке тіркелген. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен де 10%-ға төмен. Ал 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында 63,5 мың жұп некесін ресми тіркеген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ға аз.

Ең қарапайым нұсқа той өткізбей, тек неке қию рәсімі. Мұндай жағдайда қалыңдықтың көйлегі, күйеу жігіттің костюмі, гүл шоғы, неке жүзіктері және фото-видео түсірілімін қосқанда, кемінде 128,3 мың теңге қажет. Ал қымбатырақ киім мен жүзіктер таңдалса, шығын 474 мың теңгеден асады.

Ал 50 адамға арналған шағын Wedding Weekend форматының құны 1 миллион теңгеден басталып, 4,2 миллион теңгеге дейін жетеді. Мұнда локация жалдау, кейтеринг, киім, декор, гүлдер, фото-видео түсірілім және тойбастар сияқты шығындар есептелген. Тек тойбастардың өзіне 500 мың теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін.

Ең қымбат нұсқа 300 адамдық үлкен той. Қонақтарға арналған мәзірдің өзі бір адамға 25 мың теңгеден есептегенде 7,5 миллион теңгеге шығады. Барлық қажетті шығындарды қосқанда, мұндай тойдың ең төменгі бюджеті шамамен 8,7 миллион теңге болады.

Ал премиум деңгейдегі 300 адамдық тойдың құны 57,8 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл сомаға қымбат мейрамхана мен мәзір, декор, бірнеше той көйлегі, қыз ұзату, үлкен торт, өнерпаздар мен асабаның қызметі кіреді. Мысалы, 2026 жылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша, Қазақстандағы танымал асабалардың бірінің қызметі 8 миллион теңгеге бағаланған.

Мамандар мен сарапшылардың айтуынша, жастар арасында қымбат тойға деген көзқарас та өзгеріп келеді. Әлеуметтік желілерде үлкен тойдың орнына шағын отырыс өткізіп, қалған ақшаны баспанаға алғашқы жарна ретінде салу немесе саяхатқа жұмсау туралы мысалдар көбейген.

Қазақстандықтардың бір бөлігі "той-кредитке" кіруге де қарсы. 2024 жылғы Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуінде респонденттердің басым бөлігі отбасының қаржылық жағдайына сай келмейтін сән-салтанатты той өткізуге оң көзқарас білдірмеген.

Зерттеу бойынша, үлкен той өткізуге қаржылық мүмкіндігі жетпейтін отбасылардың мұндай шығынға баруын қолдайтындар Батыс Қазақстан облысында 2,7%, Шығыс Қазақстанда 2,9%, Маңғыстауда 10%, Павлодарда 10,3%, Қостанайда 15,7% болған. Ал бұл пікірді қолдайтындар Ақтөбе облысында 67,4%, Түркістан облысында 50,7%, Алматыда 45,5%-ға жеткен.

Осылайша, Қазақстанда тойдың форматы да, оған деген көзқарас та біртіндеп өзгеріп келеді. Біреулер бірнеше миллион теңгені бір күндік мерекеге жұмсауды таңдаса, енді бірі сол қаражатты баспанаға, саяхатқа немесе басқа қажеттілікке бағыттауды жөн көреді.

Еске сала кетейік, блогер Жанерке Елшін ата-анасының 60 жылдық мерейтойында қонақтарға ерекше тойбастар таратқан еді. Сыйлықтардың ішінде муассанит тастары бар әшекейлер болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, бір тарап ысырапшылдық деп сынаса, енді бірі блогердің таңдауын қолдаған. Кейін Жанерке Елшін әшекейлердің табиғи бриллиант емес екенін түсіндірді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 03 Қазан, 2026 17:12