Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел 20 мың теңгені ұсақтау үшін 2 500 теңге комиссия ұстаған қазақстандық банкке шағымданды

мәселе
Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық әйел Halyk Bank-тің 20 мың теңгелік банкнотаны ұсақтап бергені үшін 2 500 теңге комиссия алатынына наразылық білдірді. Ол банкке өз ақшасын ұсақтату үшін ақы төлеу керегіне таңғалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл жағдай Threads әлеуметтік желісінде талқыланды.

“Halyk Bank-те 20 мың теңгелік банкнотаны ұсақтап бере алмайтыны қызық екен. Шынымен бе? Сонда бір банкнотаны ұсақтату үшін 2 500 теңге төлеуім керек пе? Өз теңгемді өз теңгеме айырбастау үшін бе”, – деді әйел.

Бұған жауап ретінде Halyk Bank қолма-қол ақшамен жұмыс істеу банктерге шығын әкелетінін түсіндірді.

Банк өкілдерінің айтуынша, ақшаны ұсақтау мен санауға, оны тасымалдауға, сақтауға және орауға қаражат жұмсалады. Сонымен қатар биылдан бастап қаржы қызметтерінің бір бөлігіне қосылған құн салығы енгізілген.

“Halyk Bank-те қолма-қол ақшаны ұсақтау комиссиясы соманың 1,5%-ына тең. Алайда ең төменгі төлем — 2 500 теңге, ал ең жоғарғысы – 25 мың теңге. Қызмет банк мүмкіндігіне қарай көрсетіледі. Мысалы, 20 мың теңгенің 1,5%-ы – 300 теңге. Бірақ банктің ең төменгі комиссиясы 2 500 теңге болғандықтан, клиент осы соманы төлеуі керек”, – делінген жауапта. 

Желідегілер не дейді?

Басқа да қазақстандықтар осындай жағдайға тап болғанын айтып, әлеуметтік желіде пікір білдірді. Бір қолданушы зейнетақысынан 20 мың теңге шешіп алған кезде осындай жағдайға тап болғанын айтқан.

пікір
Фото: Threads скрин
“Менде де осындай жағдай болды. Банкоматтан зейнетақымның 20 мың теңгесін шешкен кезде, банкноттарды ұсақ етіп беруді таңдадым. Бірақ банк қосымша табыс тапқысы келгендей, банкомат маған 20 мың теңгелік банкнота берді. Ал жолақыма 1–2 мың теңгелік ақша керек еді. Жасыл базарға қарама-қарсы, Пушкин мен Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы банк бөлімшесіне кіріп, кассаға жүгіндім. Сонда 20 мың теңгені ұсақ банкноталарға айырбастау үшін 2 мың теңге комиссия төлеуім керегін айтты. Бөлімшені қиратып жібергім келді”, — деп жазды ол.

“Баламыздың тиын жинайтын қобдишасын аштық. Ішінде 45 мың теңгеден астам ақша болды. Тек 100 және 200 теңгелік тиындар еді. Комиссия қанша болғанын білесіздер ме? 4 мың теңгеге жуық” — деп жазды желі қолданушысы.

пікір
Фото: Threads скрин

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алты банк депозит мөлшерлемелерін төмендеткені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 02 Қазан, 2026 18:46