Белгілі спортшы қайтыс болғаннан кейін төрт адамға өмір сыйлады
Сингапурда муай-тайдан танымал спортшы қайтыс болғаннан кейін өз ағзаларын төрт адамға донор ретінде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AsiaOne порталына сілтеме жасап хабарлайды.
24 жастағы Дамиан Онг 12 қыркүйекте қайырымдылық жекпе-жегі кезінде өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Жекпе-жекті төреші тоқтатып, спортшы ауруханаға жеткізілді. Алайда 27 қыркүйекте ол қайтыс болды.
Онгтың соңғы тілегі ағзаларын трансплантацияға беру болған. Оның жүрегі ауыр дертке шалдыққан науқасқа, бауыры екі жылдан астам уақыт бойы трансплантация кезегінде тұрған егде жастағы әйелге берілді.
Ал бүйректері сегіз және тоғыз жыл бойы диализде болған 40 жастағы ер адам мен 38 жастағы әйелге трансплантацияланды.
"Онг бұл адамдардың өмірін өзгертті. Оларды ауыр диализ процедурасынан арылтып, жақындарымен бірге өмір сүруге жаңа мүмкіндік сыйлады", – деді трансплантологтар.
Дамиан Онг сингапурлық спорт қауымдастығында болашағынан үлкен үміт күттірген муай-тай шебері ретінде танылған. Ол қайырымдылық мақсатында өткен AMC 13 – Fight for Hope турниріне қатысқан. Турнирден жиналған қаражат сүт безі қатерлі ісігімен күрес қорына аударылған.
Еске салайық, бұған дейін Астанада дәрігерлер бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген донорды "құрмет дәлізімен" шығарып салды. Донордың жүрегі, өкпесі және бауыры трансплантация кезегінде тұрған үш пациентке берілген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, донорлық ағзаларды алу алдында медицина қызметкерлері мен донордың отбасы бір сәт үнсіз құрмет көрсетті.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы
