АҚШ-та адамға салынған шошқаның бүйрегі тоғыз ай бойы қызмет атқарған
АҚШ-та адамға шошқаның бүйрегі трансплантацияланды. Бүйрек пациенттің ағзасында 271 күн бойы жұмыс істеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл жануардан адамға трансплантацияланған ағзаның адам ағзасында ұзақ уақыт қызмет етіп тұрған алғаш жағдай. Бұл туралы Бостондағы ауруханалар мен зерттеу орталықтарының Mass General Brigham жүйесінің дәрігерлері Lancet журналында жарияланған зерттеуінде мәлімдеді.
Mass General Brigham ауруханасының дәрігерлер тобының пікірінше, зерттеу нәтижелері шошқа ағзаларын адам донорынан трансплантацияланатын органды күтіп жүрген науқастар үшін аралық емдеу тәсілі ретінде пайдалануға болатынын көрсетеді.
Трансплантация жасалған 66 жастағы Тим Эндрюс бұл операция оған үміт сыйлағанын және гемодиализ алу үшін айлап ауруханада жату қажеттілігінен арылғанын айтты.Трансплантациядан тоғыз ай өткен соң шошқаның бүйрегі пациенттің ағзасында жұмыс істеуін тоқтатып, оны алып тастауға тура келген. Бүйрек алынғаннан кейін Тим Эндрюске қысқа мерзімді диализ курсы қажет болған. Кейін оған адамның бүйрегі трансплантацияланды.
Бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан Тим Эндрюсқа дәрігерлер донорлық бүйректі жеті жылға дейін күтуі мүмкін екенін ескерткен. Ал тұрақты түрде гемодиализ алатын науқастардың орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен бес жылды құрайды.
"Ең бастысы – үміт. Бұл маған диализ аппаратына тәуелділіктен арылып, өз өміріңмен өмір сүруге мүмкіндік берді", – дейді Тим Эндрюс.
Тим Эндрюсте 2-типті қант диабетінің салдарынан бүйрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысы дамыған. 2025 жылдың 25 қаңтарында ксенотрансплантация жасалған кезде ол 66 жаста болған.
Lancet медициналық журналында жарияланған мәліметтерге сәйкес, трансплантацияланған шошқа бүйрегі пациенттің ағзасында бірден жұмыс істей бастаған.
Бүйрек 271 күн бойы қызмет еткен. Сол жылдың қазан айында оны алып тастаған. Осыдан кейін Эндрюс 82 күн бойы гемодиализ қабылдады. Ал биыл қаңтар айында оған донордан алынған бүйрек трансплантацияланды. Қазір донорлық бүйрек жақсы жұмыс істеп тұр.
Mass General Brigham трансплантология орталығының дәрігері Леонардо Риелланың айтуынша, трансплантацияға қолжетімді ағзалардың тапшы екенін алға тартты.
"Біз пациенттерге үміт сыйлау үшін бар күшімізді салып жұмыс істеп жатырмыз. Ксенотрансплантация доноры жоқ пациенттер үшін балама бола алады деп сенеміз. Осылайша оларды диализге тәуелді етпей, донорлық ағза трансплантациясына дейін жеткізуге мүмкіндік бар", – деді ол.
Тим Эндрюсте шошқа бүйрегі трансплантацияланғаннан кейінгі алғашқы кезеңде иммундық жүйенің ағзаны қабылдамау белгілері байқалған. Алайда дәрігерлер емдеу тәсілін түзету арқылы бұл процесті тоқтата алған.
Дегенмен шамамен алты айдан кейін бүйректегі қан тамырлары зақымдала бастаған. Ағза қабынып, біртіндеп қызметін жоғалта бастаған.
Ксенотрансплантацияның артықшылықтары мен кемшіліктері
Трансплантацияға қажетті ағзалардың жетіспеушілігіне байланысты ғалымдар ксенотрансплантация мүмкіндіктерін, яғни жануарлардың ағзаларын адамға трансплантациялау тәсілін зерттеп жатыр.
АҚШ-та бүйрек трансплантациясын күтіп отырған шамамен 100 мың адам бар. Ал жыл сайын бұл ағзаны трансплантациялау бойынша небәрі 25 мың операция жасалады. Ұлыбританияда бүйрек трансплантациясын күту тізімінде 7 мыңнан астам адам тұр.
Шошқалар адамға ағза трансплантациялау үшін ең қолайлы жануарлардың бірі саналады. Себебі олардың ағзаларының құрылысы мен көлемі адам ағзаларына өте ұқсас.
Алайда шошқаның бүйрегін алып, оны бірден адамға трансплантациялау мүмкін емес. Адам ағзасы трансплантацияланған мүшені бірден бөгде орган ретінде танып, оны қабылдамау процесі басталады.
Сондықтан зерттеушілер трансплантация үшін генетикалық түрлендірілген юкатан тұқымды шошқалардың ағзаларын пайдаланады. Олардың ағзаларын адам ағзасына барынша ұқсастыру үшін шошқа геномына 69 өзгеріс енгізілген.
Бұл өзгерістер шошқа жасушаларының адам иммундық жүйесі бөгде деп танып, шабуыл жасайтын кейбір ерекшеліктерін жояды. Сондай-ақ бірқатар генетикалық өзгеріс шошқа вирустарының адамға жұғу қаупін болдырмауға бағытталған.
Еске салсақ, АҚШ-та 62 жастағы ер адамға генетикалық түрлендірілген шошқаның бүйрегін салынғанын жазғанбыз.
