Жанармай бағасының көтерілу себебі белгілі болды
ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов Қазақстанда жанармай бағасының өсуіне қандай себептер әсер етіп отырғанын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Болат Ақшолақов нарықтағы дизельге сұраныстың тұрақты өсу себебінің негізгі факторы ретінде транзиттік көлік ағыны әсер етіп отырғанын айтты. Бұдан басқа, Қазақстаннан көршілес елдерге дизель отынын түрлі схема бойынша алып кетіп жатыр.
"Мамандардың есептеуінше, былтыр шетелдік транзиттік көлікке құйылған дизель көлемі шамамен 150 мың тоннаны құрады, бұдан басқа "сұр" экспортпен кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна болды. Қазақстанда дизель отыны тапшылығының басты себебі – ол баға бойынша диспропорция. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан”, - деді Энергетика министрінің м.а. Болат Ақшолақов.
Оның сөзінше, Қазақстан – әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында.
“Мәселен, Ресейде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45%-ға жоғары. Қырғызстандағы баға 64%-ға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстанда бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат - литріне 480 теңге", - деді Болат Ақшолақов.
Айта кетейік, бұған дейін бензин мен дизель бағасы қымбаттайтынын жазған едік.