Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Томирис ханшайым": Жамбыл облысында ауыл мұғалімдері әйгілі емшімен кездесу үшін ақша жинауға мәжбүр болған

Жамбыл облысындағы ауыл тұрғындарының "Томирис ханшайым" болып киінген әйелді салтанатты түрде қарсы алған видеосы қазақстандықтарды ашуландырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

видеодан скрин

Видеоны жергілікті журналист Мадияр Ералыұлы өзінің желідегі парақшасында бөлісіп, мәселенің мән-жайы туралы жазба жариялады. Журналистің айтуынша, “Томирис ханшайымның” киімін киген әйел Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылының тумасы Гүлсара Суазқызы екен. Әйел өзін денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мишель Нострадамус атындағы проскопия ғылымдарының академигі деп таныстырған.

Белгісіз әйелді салтанатты қарсы алу шарасын кім ұйымдастырғаны да белгісіз. Бір ақпаратта әкімдік ұйымдастырған делінсе, енді бірінде мектеп басшылығы арнайы шақырған деген ақпарат бар. 

“Гүлсара Суазқызының ауылға арнайы келетінін маған мектеп директоры Эльмира Зәкімбаева хабарлады. Директордың айтуынша ол кісінің мектепке Алматыдан арнайы алып келе жатқан қайырымдылығы бар деді. Содан мен аудан орталығына хабарластым. Мен өзім көрмеген кісім, бірақ мектепке деген қайырымдылық іс-әрекеттері бар екенін айттым. Аудан басшылығы өздерің біліңдер, бірақ мәселе туындап жүрмесін деп ескертті”, – дейді Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Смат. 

Гүлсара Суазқызымен кездесу ауылдың мәдениет үйінде өткізілген. 

“Гүлсара Суазқызы жалғыз емес, қасында бірнеше адамдар журналистер мен қатар әншілерде бар деген соң біз ауылдық мәдениет үйінде концерт ұйымдастырайық деп шештік. Бар болғаны сол. Ал ол кісінің көйлегінің етегін ұстап жүрген мектеп оқушыларына біздің еш қатысымыз жоқ”, – дейді әкім.

Ауыл мектебінің басшылығы да кездесуді мектеп ұйымдастырмағанын атап өтті. Алайда әйелді қарсы алу үшін мұғалімдерден ақша жиналғанын растады. 

“Бұл іс-шараны ұйымдастырған мектеп емес. Бұны ұйымдастырған аудандық ішкі саясат бөлімі. Бізге яғни, мектепке 100 киім-кешек береді, "Мектепке жол" акциясы аясында демеушілік жасайды деп шақырған соң біз де бардық сол іс-шараға. Біз ол кісінің тәуіп пе, бақсы ма деп түсіне алмадық. Гүлсара Суазқызының жеке мәліметіне зер салсақ сұмдық. Медицина ғылымының докторы, академик дейді. Ауылдың қызы болса да ол кісі туралы толық білмейміз. Қасында жүрген журналистер мен блогерлердің айтуынша Алматыда маскүнемдер мен нашақорларды емдейтін емші болып шықты. Мектепке деп берген киім-кешектері ескі-құсқы, иістеніп кеткен көйлектер болып шықты. Оны біз ауылдың мешітіне қайтарып жібердік, олар қайтадан бізге беріп жіберді. Ешкімге қажеті жоқ компьютер, сынған картина, ескі-құсқы ойыншықтар берген. Мұғалімдер ақша жиналғаны рас. Мектепке көмектеседі деген соң өз еркімізбен ерікті түрде жинап бердік.”, – дейді мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Айбек Сайлаубаев.

Мектеп басшылығы “Томиристің” көйлегінің етегін ұстап жүрген оқушыларға қатысты да түсініктеме берді. 

“Мәдениет үйінің алдында ол кісіні салтанатты түрде арнайы күтіп алды. Әлгі кісі көліктен түсіп, ұзын көйлегін сүйретіп келе жатқан кезде сол жердегі жиналған жұртшылықтын ішіндегі біреуі оқушыларға көйлегін ұстаңдар десе керек, бала ғой олар, үлкеннің айтқан тілін алып, көйлегін көтеріп жүрген”, – дейді мектеп директорының орынбасары.

Талқылау