Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жұмысқа келмегені үшін шығарылғанына қарсы шығып, сот арқылы миллиондар өндіріп алды

қызметкер басшысынан ақша өндіріп алдыФото: freepik.com

Ақтөбеде заңсыз жұмыстан шығарылған қызметкер сот арқылы әділдікке жетіп, жұмысын да, миллиондаған өтемақысын да қайтарып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтөбе қалалық сотымен талап қоюшы Б-ның жауапкер "Е" ЖШС-ға еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналасу, мәжбүрлі түрде бос жүрген уақытына жалақы, моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық ісі қаралды.

Талап қоюшы сотқа "Е" ЖШС-ға қарсы талап арызбен жүгініп, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, оның күшін жоюды, жұмысқа қайта орналастыруды, сондай-ақ мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 3 198 012 теңге мөлшерінде жалақы өндіруді сұраған. Талап қоюшы өз талаптарын еңбек шартын бұзу заңсыз болғанымен, бұйрықтарды шығару кезінде еңбек заңнамасының талаптары бұзылғанымен негіздеген.

Сот талап қоюшымен еңбек шарты жұмыс орнында болмағаны үшін жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылғанын анықтады. Сонымен қатар тәртіптік жазаны қолдану кезінде жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын, оның ішінде қызметкердің жазбаша түсіндірмесін талап ету және тиісті құжаттарды ресімдеу тәртібін сақтамаған.

Белгіленген жағдайларды ескере отырып, сот еңбек шартын бұзудың заңсыздығы туралы қорытындыға келді. Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды. Еңбек шартын бұзу туралы дауланған бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды. Талап қоюшы жерасты жөндеу операторы лауазымына бұрынғы жұмысына қайта орналастырылды.

Сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 2 579 976 теңге мөлшерінде жалақыны, 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеуді өндірді, сондай-ақ сот шығындары өтелді. Соттың жұмысқа қайта орналастыру және 3 айлық жалақыны өндіру бөлігіндегі шешімі дереу орындауға жатады. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте сапасыз протез алған әйелдің мүгедектер қоғамдық бірлестігін сотқа бергені туралы жазған едік. Талапкер жаңа берілген протездердің қысқа уақыт ішінде жарамсыз болып, денсаулығына зиян келтіргенін айтқан. Сот шешімімен оған материалдық және моральдық шығын ретінде 2 млн теңгеден астам өтемақы өндірілді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 11:06