Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Келесі кезек сенікі": Жайық өзеніне батып қаза тапқан Мерланның әпкесіне күдіктілер қоқан-лоқы көрсеткен

Жайық өзеніне батып қаза тапқан Мейрлан СанаФото: Видеодан скрин

Атырауда Жайық өзеніне батып көз жұмған 14 жастағы Мерлан Сананың отбасы істің қысқартылуына наразы болып, бас прокуратурадан оны қайта қарап, қасақана әрекет ретінде тергеуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Атырауда Жайық өзеніне батып, көз жұмған Мерлан Сананың туыстары бас прокуратурадан көмек сұрайды. Қара жамылған отбасы қылмыстық іс қысқартылып, кінәлілер жазасыз қалды деп отыр. Олар жүзе алмайтын 14 жастағы ұлды жоғары сыныптың оқушылары су айдынына қасақана итеріп жібергеніне сенімді. Құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып шаршаған ана сараптама тағайындалып, жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізілгенін қалайды. 

Анаргүл Қасантаева екі жылдан бері тиісті органдарға арыз жазып, әділдік іздеумен жүр. Полиция мен прокуратура табалдырығын тоздырған ана кінәлілердің әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне наразылығын білдіреді. Қайғыдан қан жұтқан ол баласына қастандық жасалғанын дәлелдей алмай, тығырыққа тірелгенін айтты.

"Қылмыстық істі 104-баптан (Абайсызда қазаға ұшырату) 99-бапқа (Адам өлтіру) ауыстырып, қайта қарауын талап етіп, сұраймын. Сонымен қатар кәмелетке толмаған кейбір балалардың ата-аналары да жауапқа тартылуға тиіс. Себебі олар Мерланды Жайыққа итеріп жібергенін біле тұра, хабарламаған. Баламды өлтіргендердің өзара жазысқан хаттары бар, онда “бәріміз бірігіп жасадық” деген сөздер айтылған. Осы дәлелдердің барлығы бойынша сараптама тағайындалып, жан-жақты тексерілсін", – деп өтінді марқұмның анасы.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың тамыз айында Жайық өзенінің жағасында болған. Марқұмның туыстары жоғары сынып оқушылары Мерлан Сананың жүзе алмайтынын және көру қабілетінің нашар екенін біле тұра, оны суға қасақана итеріп жібергеніне сенімді. Анасының айтуынша, күдіктілер марқұмның мектепте оқитын әпкесіне де бірнеше рет қоқан-лоқы көрсеткен.

"Қызым қатты күйзеліске түсті, мектепке бара алмай қалды. Олар бір мектепте, параллель сыныпта оқиды. Бір күні баспалдақта “келесі кезек сенікі” деп қорқытқан. Сол оқиғадан кейін қызым бір жыл бойы сабаққа барған жоқ", – дейді анасы.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Инга Иманбай істі қайта қарауға жеткілікті дәлелдер бар екенін айтады.

"Бізде Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша, яғни баланы қасақана итергенін дәлелдейтін айғақтар жеткілікті. Сондықтан Бас прокуратурадан істі қайта ашып, оны 99-баппен саралауды талап етеміз", – деді адвокат.

Ал Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет қылмыстық істің не себепті тоқтатылғанын түсіндірді.

"Абайсызда адам өліміне әкеп соғу" дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдарының нәтижесінде оқиғаға қатысты барлық тұлға анықталып, жауаптары алынып, тиісті сараптама тағайындалды. Қылмыстың тергелу нәтижесінде күдікті деп танылған жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілікке жасы жетпеуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Яғни, істі қайта тергеу мәселесін прокуратура шешеді", – деді Мейірім Ердәулет.

Айта кетейік, Мерлан Сана – екі қыздан кейінгі үйдің кенжесі. Сабақты жақсы оқыған. Болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуді армандаған.

Атырау қаласы Ақжар ауылында 7-сынып оқушысы белгісіз жағдайда суға батып қаза тапты. Марқұмның отбасы бұл істе 13 жасар Мерланды жоғары сынып оқушысы қасақана итеріп жіберді деп күдіктенеді. Себебі Мерланды сол күні көргендердің бәрі анасына “10-сыныптағы оқушы оны суға итеріп жіберді, ұлыңызды іздемей-ақ қойыңыз” деп айтқан екен. Тергеуге шағымданып, жалғыз ұлынан айырылған ана шарасыздықтан өзіне қол жұмсамақ та болған еді. Кейін көшеге жолды жабамын деп ашынып шыққан ананы құқық қорғау қызметкерлері қол аяғынан ұстап көтеріп, оның айтқандарын тыңдамастан күшпен сүйреп шығарды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 12:36