Суға батып бара жатқан балықшыны құтқармақ болған қазақстандық құтқарушы қаза тапты

Жетісу облысында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері құтқару жұмыстары кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, 7 наурыз күні Алматы облысындағы Алтынкөл көлінде мұз жарылып, бір балықшы мұздың бөлінген бөлігімен көлдің ортасына қарай ағып кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар жедел жеткен.
Құтқару жұмыстары барысында мұз қайтадан жарылып, соның салдарынан Панфилов ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы, азаматтық қорғау майоры Дамир Таранов қаза тапты. Астанада өткен брифингте төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев аталған қайғылы оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.
"Оқиғаның себептерін біздің қызметкерлер анықтайды. Содан кейін қандай да бір ереже бұзушылық болған-болмағаны белгілі болады. Ол мұз үстімен адамды құтқаруға барған, бірақ мұз тағы да жарылып кеткен. Өкінішке қарай, құтқарылуға тиіс болған адам да суға батып кетті", – деді Кеген Тұрсынбаев.
Сонымен қатар вице-министр қаза тапқан қызметкердің отбасына заңнамаға сәйкес көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Айта кетейік, Дамир Таранов 1994 жылы дүниеге келген. Ол азаматтық қорғау саласындағы еңбек жолын 2012 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуден бастаған. 2016 жылдан бастап Панфилов ауданы мен Қапшағай (қазіргі Қонаев) қаласының өрт сөндіру бөлімдерінде түрлі жауапты қызметтер атқарған.
Соңғы жылдары Жетісу облысы Панфилов ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп, тәжірибелі маман әрі білікті басшы ретінде әріптестері арасында үлкен құрметке ие болған. Қызметтестері оның антына адал болып, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында соңына дейін қызметтік борышын орындағанын атап өтті. Дамир Тарановтың артында жұбайы мен екі баласы қалды.
- "Кейбірінің шашы жоқ, қан-жоса болып шықты": Куәгерлер Щучинсктегі жарылыс сәтін айтып берді
-
Таиландта қазақстандықтар мінген катер мен балықшылар кемесі соқтығысып, 1 адам қаза тапты (видео)
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарлы ауылында 7 жасар Айнамкөз Елеусіз ескі құдыққа құлап кеткен. Оны құтқаруға алғаш болып келген еркін күрес жаттықтырушысы Нұрбол Бердіғалиев құдыққа түсіп, қызды шығармақ болған. Алайда құдық түбіндегі улы газдан екеуі де уланып, көз жұмды. Қайғылы оқиғадан кейін қоғамда марқұмның ерлігі жоғары бағаланып, оның отбасына баспана беру мәселесі көтерілген. Кейін Харекет қоры мен жергілікті әкімдік бірігіп, спортшының жұбайы мен алты баласына Ақтөбе қаласынан үш бөлмелі үй табыстады.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған