"Кофеге аударылған ақша мен тойға сыйақы": Қаржы министрлігі қазақстандықтардың тұрмыстық аударымын тексере ме?

Қаржы министрлігі салық органдары қазақстандықтардың бір-біріне жіберетін күнделікті ақша аударымдарын кәсіпкерлік табыс деп тексере ме деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет брифингінде министрлік өкілінен кофеге, түскі асқа төленген ақша, туыстарға жіберілген қаражат немесе қайғылы жағдайда жиналатын қаржы туралы сұралды. Журналистер мұндай аударымдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген адамның шотына түссе, тексеріле ме деген мәселені көтерді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов күнделікті ақша аударымдары кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылмайтынын және салық бақылауына ілінбейтінін айтты.
“Бақылау тетігі заңда нақты жазылған. Ал Ұлттық банк тиісті ережелерді бекіткен. Осыдан кейін банктер бірінші тоқсан бойынша тек тәуекел белгілеріне сай келетін операциялар туралы мәліметті салық органдарына жолдайды. Банктерден біз бірінші тоқсанның деректерін белгіленген санат бойынша аламыз. Демек банк “қызыл белгі” анықталған операцияларды ғана жүктеп, бізге ұсынады”, – деді вице-министр.
Оның сөзінше, бұл мәліметтер кейін камералдық бақылау аясында қаралады. Қажет болған жағдайда азаматтарға хабарлама жіберіліп, олар салық есебін тапсыру немесе түсініктеме беру арқылы жауап бере алады.
ОқыңызСонымен бірге Біржанов тұрмыстық сипаттағы аударымдар бұл санатқа кірмейтінін айтты.
“Сіз айтып отырған кофе не түскі ас үшін төлемдер кәсіпкерлік белгісі бар операцияларға жатпайды. Ол үшін бірнеше санат бір уақытта сәйкес келуі керек. Ал туған күнге, тойға берілетін сыйақы, отбасылық жиындарға жиналатын ақша немесе ұйым ішіндегі ортақ жинақтар да кәсіпкерлікке қатысы болмаса есепке алынбайды. Тіпті адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, оның жеке картасына туған күнге не тойға түскен ақша автоматты түрде бизнес табыс деп танылмайды”, – деді ол.
Вице-министр кәсіпкерлік қызмет белгілері болмаса, жаңа бақылау ережелерінен ешбір азамат зардап шекпейтінін айтты.
Салық органдары қандай жағдайда тексереді?
Қаржы министрлігі 2025 жылы 12 қарашада мобильді аударымдарға қатысты жаңа талаптар енгізген. Бұған дейін қатарынан үш ай ішінде 100 түрлі адамнан ақша түсуі кәсіпкерлік белгісі ретінде қаралатын.
2026 жылы 1 қаңтардан бастап оған қосымша 12 ең төменгі жалақы көлеміндегі шек енгізілді. Демек төмендегі үш шарт қатар орындалса, салық органдары тексеріс жүргізе алады:
- ақша 100 және одан да көп әртүрлі адамнан түсуі;
- аударымдар қатарынан үш ай бойы жүргізілуі;
- жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан (1 020 000 теңге) асуы.
Мысалы, егер 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында адам жеке картасына тауар не қызмет үшін тұрақты түрде ақша қабылдап, үш ай ішінде:
- 100-ден астам адамнан аударым алса;
- жалпы сома белгіленген межеден асса, онда салық органдары түсініктеме сұрап, бұл кәсіпкерлік қызмет пе, соны тексереді.
Айта кетейік, бұған дейін сәуірде банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы мәліметін салық органдарына беретіні туралы жазған едік.
"Өлтіруге болады дегенге балалардың еті үйреніп кетпеуі керек": Зообелсенділер бұралқы иттерді өлтіру туралы заңға қарсы шықты