Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Менің атымда тек көлік бар”: Шавкат Рахмоновтың экс-әйелі неке шарты жасалғанын мәлімдеді

Шавкат пен Гүлайым РахмоновтарФото: Видеодан скриншот

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың әйелі Гүлайым Рахмонова журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында спортшымен неке шартын жасағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Гүлайым Рахмонованың айтуынша, спортшымен қарым-қатынасы 2021-2022 жылдары бұзыла бастапты. Бұған спортшының анасы мен жарының арасындағы келіспеушіліктер және материалдық мәселе түрткі болған көрінеді. 

“Сенің әйелің құтырды. Жоқ кезінде жақсы еді, бар кезінде жаман болып кетті. Менің жағдайымды жасамайды, қызмет жасамайды, шайымды бермейді деген әңгімелер пайда болды. 

Ал 2025 жылғы наурызда отбасымен Дубайға барған сапардан кейін неке шартын жасау туралы әңгіме басталған.

“Үш баламызды ертіп, Дубайға демалуға бардық. Сәуірде ол неке шарты туралы сөз қозғай бастады. Алғашында мен күліп, мән бермедім. Мен “Менде ештеңе де жоқ қой. Тұрып жатқан пәтерімізді бер немесе маған бизнес ашып бер, сонда шартқа қол қоямын. Сен менен қорқасың ба? Егер солай болса, неге менімен бірге тұрып жүрсің?” дедім”, – дейді ол.

Кейінірек Гүлайым Рахмонова бұл құжатқа қол қоюға бәрібір келіскен.

“Мен “Егер Шавкат мені онымен тек дүние-мүлкі үшін бірге жүр деп есептесе, онда қол қою керек” деп ойладым. Сөйтіп қол қойдым”, – деді ол.

Гүлайым неке шартының талаптары мүліктің бөлек иелікке берілетінін көздейтінін нақтылады.

“Ажырасқан жағдайда әрқайсымыздың атымызға рәсімделген дүние сол адамда қалады. Менің атымда жол апатына түскен көлік қана бар”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Гүлайым Рахмонова Шавкат Рахмоновпен ажырасқанын ресми түрде мәлімдеген еді. Сонымен қатар 27 наурыз күні сот Гүлайым Рахмоноваға қатысты жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық істі қарады. Аталған іс екі адамның өліміне әкеп соққан апатқа байланысты қозғалған.

Сот шешімімен ол Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Алайда жаза 5 жылға кейінге шегерілді.

Гүлайым Рахмонова 2025 жылы шілде айында жол көлік оқиғасына байланысты басы дауға қалып, қоғамда шу болған еді. Гүлайым Рахмонова тізгіндеген көлік жол апатына түсіп, 2 адам қаза тапқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 14 Сәуір, 2026 14:45